Парламент Үкіметтің есебін қабылдады

  • 7
  • 26.06.2026, 19:32

Үкімет биыл инфляцияны 10 пайыздан төмен түсірмек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.

Ресми мәлімет бойынша былтыр экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім 14,7 миллиард долларды еңсерген. Бұл – алдыңғы жылғы көрсеткіштен жоғары. Осы жетістікті енді Үкімет халықтың нақты табысына айналдыруды көздеп отыр.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, өткен жылы орташа жалақы 442 мың теңге болған. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі алғаш рет 30 пайыздан асқан. Бұл Орталық Азиядағы жоғарғы көрсеткіш. Енді бұны тағы да арттыру көзделіп отыр.

Нақты айтқанда, 40 пайызға дейін жеткізбек. Бұл әлемдік деңгейдегі орташа көрсеткіш.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

- Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Бұл мәселеге қатысты депутаттардың сауалы аз болмады. Олар қолға алынатын шаралардың нәтижесін қанша адам көретінін сұрады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

- Биылғы бюджетте 267 млрд тг қаражат қарастырылған. 2023 жылы 146 мың жұмыс орын, 2024 жылы 169 мың, сонымен қатар жыл сайын 10 мыңдай жұмыс орны сақталып, қосымша тағы да 10 мың жұмыс орындары ашылған. Сол себепті биыл да біздің жоспар осы деңгейде болады.

Президент тапсырмасы аясында қабылданып жатқан шаралардың арқасында экономиканың түрлі салаларында жалақының нақты өсуі тіркелген. Белгілі болғандай, мемлекеттік салада жұмыс істейтін бір миллионнан астам қызметкердің жалақысы 20-дан 30%-ға дейін өскен. Дәрігерлер, мұғалім және әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы да артты. Үкімет басшысы экономиканың өсімімен қатар халықтың нақты табысын ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. IT-саласын дамыту да басты назарда.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» атты жоба Павлодар облысында жүзеге асырылып жатыр. Біз бұл жобаға үлкен үміт артамыз. Қазіргі таңда деректерді өңдеу нарығы өте жылдам өсіп бара жатыр және біз де осы нарықтың бір бөлігін өзімізге тартып алуымыз керек. Сондықтан біз жобаны қолға алдық, қызығушылық өте жоғары. Көптеген елдерден компаниялар келіп жатыр. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Дайын тұрған келісімшарттар да бар.

Ұлттық қордың активтері де көбейген және балаларға жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлінеді. Бұл ретте жоғары аудиторлық палата басшысы инвестициялауға қатысты өз ұсынысын айтты. Отырыста қос палата қазынаның атқарылуы туралы есепті бекітті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбай