Елімізде жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар ірі корпорацияларға тауарлар мен қызметті шетелден импорттамай, бұл іске отандық кәсіпкерлерді тартуға күш салынуда. Осы ретте елордамызда Global Businesswomen Council форумының 4-ші пленарлық отырысы өтті.
Басқосуда кәсіптегі әйелдер мен жалпы отандық шағын және орта бизнес өкілдерінің жеткізу тізбегіне қатысуы, өндірісті локализациялау, жұмыс орындарын құру, өңірлік даму және инвестициялар тарту мәселелері талқыланды. Жиын аясында G-Index Institute: тәуелсіз зерттеу, талдау және әдіснамалық инфрақұрылымын қалыптастырудың басталғаны ресми түрде жарияланды. G-Index Institute — бұл мемлекетке, бизнеске және халықаралық серіктестерге әйелдердің нақты экономикалық үлесі мен әлеуетін көрсетуге және бағалауға мүмкіндік беретін дәлелді аналитикалық база қалыптастыратын құрал екенін айта кетейін.
Жанна Байдашева, «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығының директоры:
- Мемлекет үшін жергілікті қамту үлесі маңызды. Яғни шетелдік емес, сенімді әрі тұрақты түрде тауарлар мен қызметтерді ұсынатын жергілікті жеткізушілер мүддесін қамтамасыз ету мен оларды дамыту – басты назарда. Бұл ретте ірі корпорациялардың талабы үдесінен шығу үшін әйел кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға, оларды оқытып, тасымал тізбектері аясына қосуға ынталымыз.
Айта кету керек, әйелдердің қоғамдағы рөлі, оларды қорғау мен қолдау мәселесі мемлекеттің айрықша назарында. Ол ана мен бала құқығынан бастап білім алу, қоғам ісіне араласу және кәсіппен айналысуға дейінгі тұтас құндылықтардың жиынтығы ретінде жаңа Конституциядан көрініс тауып отыр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Ең негізгі мәселе – адамның жынысына бөлмейтіндігіміз. Яғни адамдардың барлығына жынысына, нәсіліне қарамастан тең мүмкіндіктің қарастырылуы – бірінші мәселе. Әйелдер туралы айтатын болсақ, жалпы Қазақстанда соңғы 4 жылда әйелдің құқығын қорғау, оның барлық экономикалық мүмкіндіктерін қарастыруға өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты шешімдерін іргелі реформалар жүзеге асыруда. Әйел құқығын қорғау, баланың қауіпсіздігін сақтауға байланысты көлемді заң қабылданды.