Елде көгілдір отынға сұраныс артып отыр. Сондықтан Үкімет ішкі нарықты тауарлы газбен қамтуға септігін тигізетін Қашаған, Қарашығанақ кен орындары мен Жаңаөзен қаласында салынатын зауыттардың құрылысын бақылауды ұстайды. Ал елді қамту үшін 2032 жылға дейін 35 миллиард текше метр газ өндіру қажет.
Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Газ өндірісін арттыру экономиканың тұрақты дамуы үшін де аса қажет. Әрі көгілдір отын тұтынатын тұрғындар да, кәсіпорындар да көбейіп келеді. Сондықтан Үкіметтің бұл тұрғыда іске асыратын жобалары бар.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді және перспективалы жаңа кен орындарын игеру жоспарларын бекітті.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі Бас жоспар аясында іске аспақ. Биылғы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша көгілдір отынмен қамту деңгейі 64,2% -ды құрайды. Яғни табиғи газ тұтынып отырған халық саны 13,1 млн адам. Бұдан өзге тасымалдау жүйесін дамыту іске асуда.
Бұл ретте 40 жобаны іске асыру көзделген. Оның 7-еуі ауыспалы болса, 33-і жаңа. Ал солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында былтыр Үкімет пен «Газпром» компаниясы арасында «Ишим – Астана» магистралдық газ құбырын салу туралы меморандум бекіген.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Жобаны іске асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. «Ишим – Астана» магистралдық газ құбыры жобасы табысты іске асырылған жағдайда елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Ал тауарлық газ өндіру көлемін 2032 жылға қарай 35,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ елдің батысында алдағы төрт жылда екі бірдей ірі газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарда. Газ өндіруді арттыруда QazaqGaz бен «ҚазМұнайГаз» компаниялары тиісті жұмысты қолға алған.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін «ҚазМұнайГазда» тауарлық газ өндіру жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін өседі. Аталған кезеңде сұйытылған мұнай газын өндіру 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін артады.
Сондай-ақ саланы цифрландыру қолға алынған. Енді тұрғындар газбен жабдықтау ұйымдарына барып әуре болмайды. Онлайн өтініш береді. Осылайша мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын арттырып, адами фактордың ықпалын азайту көзделіп отыр. Үкімет ірі жобаларды уақытылы іске асыру үшін бақылауды күшейтпек.
- Елді мекендерді газдандыру – Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Бүгінгі таңда халықтың шамамен 65 пайызы табиғи газбен қамтылған. Мемлекет басшысы еліміздің газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін арттыру бойынша нақты міндет қойды. Сондықтан өңір әкімдіктеріне магистралды инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін, жергілікті газ тарату желілерін дайындық деңгейімен үйлестіру қажет.
Үкімет ішкі нарықты тауарлы газбен қамту үшін Қашаған, Қарашығанақ кен орындары мен Жаңаөзен қаласында салынатын зауыттардың құрылысын бақылауды ұстайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков