2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 16,2 пайыз өсіп, 5 млрд долларға жуықтаған. «Биылғы көрсеткіш те жаман емес», - дейді сала мамандары. Бұл туралы Ташкентте өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумында айтылды. Жиынның мақсаты не?
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда байланысының тамыры тереңде жатыр. Ежелден екі елдің алыс-берісі үзілмеген. Ал соңғы жылдардағы тауар айналымы тіпті арта түсті. Мәселен, биылғы бес айдың өзінде сауда көлемі 2,3 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37 пайыз ұлғайған. Әсіресе қазақстандық өнімдердің экспорты басым. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. «Жоспарымыз үлкен», - дейді жауаптылар.
Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының төралқа төрағасы:
- Ең басты мақсат – сауда айналымын арттыру. Екіжақты келіссөздер бойынша сауда айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу Оны кәсіпкерлік жағынан, Ұлттық палата жағынан әрине, үлес қосатын боламыз. Себебі ең бастысы, қазір саяси деңгейдегі қарым-қатынас өте жоғары.
Өзбекстанда ұйымдастырылған қазақ-өзбек бизнесмендерінің басқосуына елімізден 100-ден астам кәсіпкер барды. «Мұндай ауқымды жиын алғаш рет өтіп отыр», - дейді олар. Бизнес өкілдері өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды іске асыру жайын талқылады. Ташкенттің ірі зауыттарын аралап, өндіріс қарқынын көзбен көрді.
Айдархан Ақбердиев, қазақстандық кәсіпкер:
- Бұл – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы болатын сауда-саттық және өндірген тауарларымызды бір-бірімізгне сату, алып келу, ауыстыру бұл мақсатта бұл форумның бізге ықпалы керемет. Көмегі тиеді деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, бұл жақтың нарқы бізден сәл қымбаттау. Сол үшін бізге тағы да мүмкіндіктер туады.
Бүгінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда-саттығының жартысынан астамы Өзбекстанға тиесілі. Ендігі мақсат – осы байланысты одан әрі дамыту. Бірлескен кәсіпорындар ашып, сыртқы нарықтарға бірге шығу. Ол үшін шикізат қоры, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен сауда рәсімдерін цифрландыру маңызды. Сонда ғана өзара саудамыз жедел жүреді. Форум қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, жауапты органдар осы мақсатта бірге жұмыс істеуге уағдаласты.
Дамир Берікұлы