Отандық өндірісті қолдау: жеңілдетілген несие көлемі артты

  • 8
  • 10.08.2026, 19:33

Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес отандық өнім өндірушілерді қолдауды жалғастыра береді. Бұл бағытта жеңілдетілген несие беру кеңінен қолданылады.

Үкіметтің мәліметінше 2025 жылы «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнестің 13 мың жобасына 2,2 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Ал ірі бизнестегі 77 инвестициялық жоба мен экспорттық операцияға «Қазақстанның даму банкі» 2,3 триллион теңге сомасында қаржы бөлген. Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдайды. Агенттік металлургия, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы 131 экспорттаушыға 653,7 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» бірлесіп ұсынған қаржы көлемі 1,1 триллион теңге болды. Бұл отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың ең жоғары көрсеткіші.

Айта кету керек, елімізде машина жасау саласы қарқын алды. Кәсіпорындар ірі тораптық құрастырудан шағын тораптық құрастыруды орындауға ауысқан. Кейбір автомобиль маркалары бойынша локализациялаудың орташа деңгейі 40 пайызға жеткен. Айталық, 2024-2025 жылдар аралығында автокөлік шығаратын екі зауыт іске қосылды. Сондай-ақ Қарағанды облысының Саран қаласында шина өндіріле бастады. Алматыда көліктің мультимедиялық жүйелерін, ауа баптау модульдерін және еден жабындары мен автоорындықтар шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.