Қазақстан қарыштап дамып келеді

  • 6
  • 21.08.2026, 19:39

Қазақстан 5-10 жылдан кейін қандай болады? Нендей өзгерістерге дайын болған жөн? Елдің болашақ бейнесі қандай?

Елордада түрлі сала сарапшылары бір алаңда бас қосып, осы мәселелерді қарастырды. Қазақстанның даму қарқынымен қатар экономикалық және цифрлық әлеуеті, еңбек нарығы, туу көрсеткіші сынды тақырыптар талқыға түсті.

Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспортының көлемі 2021 жылмен салыстырғанда, 45%-ке  ұлғайып, 29 млрд долларға жеткен.

Жиында «Экономикалық зерттеулер институты» Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика күші ретіндегі өз орнын сақтап қалғанын атап өтті. Еліміз Орталық Азия ЖІӨ-нің шамамен 54%-ын құрайды. Соңғы бес жылдағы экономикалық өсім 21,3%-ке  жеткен.

Сондай-ақ адами капиталды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, өндірісті өркендету, білім мен ғылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Басты мақсатымыз – қазіргі жетістіктерімізді көрсету және алдағы 5-10 жылда күн тәртібінде тұрған мәселелерді талдау. Қазір жүзеге асып жатқан жаңа реформаларды ескеріп, сыртқы саясаттағы өзгерістер мен әлемде болып жатқан үрдістерді саралап, ортақ күн тәртібін әзірлеуіміз керек.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-  2019-2022 жылдары дүниеге келген жарты миллионнан астам баланың буыны қазір мектепке барып жатыр. Келесі жылы, яғни 2027 жылы 446 мың бала бірінші сыныпқа барады. Соған байланысты инфрақұрылымды дайындап жатырмыз. Орта білім беру жүйесіне демографиялық өсім үлкен салмақ түсіреді.Соңғы бес жылда 1 миллион 242 мың орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептердегі орын тапшылығын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді.