Digital Qazaqstan стратегиясы жоспары бекітілді

  • 9
  • 26.08.2026, 19:35

Елімізде 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді.

Тиісті қаулыға бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жоспар үш негізгі бағытты қамтиды. Олар: азаматтар мен бизнеске, экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне цифрландыру тетіктерін енгізу.

Құжаттағы басым бағыттардың бірі - білім берудің барлық деңгейінде жасанды интеллектіні кеңінен қолдану. AI-SANA бағдарламасы аясында 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орындары түлектерінің кемінде 80% жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.

Сонымен қатар алдағы үш жылда мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақыты кемінде 50% қысқаруы керек. Жасанды интеллектіні өзге де салаларға енгізу арқылы жұмыс тиімділігін арттыру көзделген.

Ерлан Қошқаров, ҚР Энергетика министрлігі цифрландыру департаментінің директоры:

- Сол стратегия аясында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар тек біздің министрлікте ғана емес, барлық мемлекеттік органда жүзеге асуда. Негізгі мақсат - отандық жасанды интеллект платформасын құру және ұлттық мамандарды даярлау.