Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 елдің қатарына енді

  • 19
  • 15.09.2026, 18:32

Қазақстан дамыған, өркендеген елдермен терезесі теңесуі үшін барын салуы керек. Бұл туралы Президент «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабында айтқан. Елдің даму қарқынын арттыруға ден қойған Қазақстан әлемдік рейтингте экономикасы бәсекеге қабілетті 40 мемлекет қатарына енді. Мұны беделді швейцариялық IMD World Competitiveness Center орталығы жүргізген зерттеудің қорытындысы көрсетіп отыр. Зерттеу дүние жүзіндегі 70 мемлекеттің экономикасын қамтыды. Оның ішінде тұрақсыздық белең алған әлемде біздің елдің жағдайына да баға беріліпті. Нәтижесінде Қазақстан бірқатар Еуропа елінен де жоғары көрсеткіштер көрсетіп отыр.

«Қазақстан дамыған елдермен терезесі теңесуі үшін барын салуы керек»

Әлемдік бәсекеге қабілеттілік орталығы дүниежүзі елдерінің экономикасын бағамдауға арналған зерттеу жұмысын тұрақты түрде жүргізіп тұрады. Оның арасында қуатты, бай саналатын АҚШ пен Еуропа, Азия мемлекеттерімен қатар, дамушы елдер де бар. Биыл да қалыпты дәстүрге сай, экономикалық көрсеткіштер, Үкімет жұмысы мен бизнес және инфрақұрылым тимділігі туралы төрт бағытты қамтыған. Қорытындысында Қазақстан 65,4 баллмен 38-ші орынға жайғасты. 

Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік орталығының директоры Артуро Брис: «Геосаяси жағдай нашарлап, жаһандық бөлшектену процесі күшейіп келеді. Осындай жағдайда өздерінің сыналған, сенімді әрі беделді институттары бар мемлекеттер артықшылыққа ие болады. Себебі халықаралық жүйелер көптеген елдердің ұлттық қажеттіліктерін қанағаттандыруды тоқтатқан кезде, бизнес өз қызметін тұрақты жағдайда жалғастыра алады»

Зерттеудің Қазақстанға қатысты дерегіне үңілсек, бірқатар көрсеткіштерді байқауға болады. Үкімет жұмысы 63 балл, кәсіпкерлік бойынша 66 ал, инфрақұрылым және экономика бағытында 40-тан астам ұпай жинаған. Мұндай көрсеткіштер бойынша біздің ел әлемдегі бірқатар елдің алдында, Қазақстанның 306 млрд доллардан асатын жалпы ішкі өнім көлемі де назарға алынды. Бұл көрсеткіш бойынша біздің ел әлемде 44-орынға ие болды. Сондай-ақ, азаматтардың сатып алу мүмкіндігі де жоғары, орталық жүргізген зерттеуде Қазақстаннан кейінгі орындарға  Испания, Португалия, Польша, Италия, Аргентина жайғасқан.

Қарлығаш Болат, Экономикалық зерттеулер институтының стратегиялық талдау орталығының жетекші сарапшысы:

- 4 фактордың ішінде инфрақұрылым факторы бойынша жақсы нәтижедер көрсетіп отыр. Атап айтсақ, білім беру, технологиялық инфрақұрылым субфакторы, ғылыми субфакторы бойынша көрсеткіштер өскенін көрсетеді. Мысалы, жоғары білім мен тілдік дағдылардың экономика мен бизнестің қажеттіліктеріне сәйкестігін байқауға болады. Сонымен қатар, телекоммуникацияға инвестиция артқанын көруге болады.

Ал, ТМД мемлекеттері арасында бұл тізімге енген жалғыз ел - Қазақстан. Сарапшылар алдағы уақытта даму қарқыны артуы мүмкін екенін айтады. Себебі, Үкіметтің алға қойған жоспары көп. Оның ішінде қажетті тауар мен өнімді өндіруден бөлек, өңдеуге бағытталған стратегиялық міндет бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жаһандық геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан өз экономикасын әртараптандырып, көлік-логистика, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты басым бағыттарды дамытуға баса мән бермеді. Бұл тұрғыдағы жобалардың іске асуы жұмыссыздық және инляция деңгейін төмендетуге де септігін тигізбек. Нәтижесінде елдің әлемдік рейтингтегі көрсеткіші де жақсарады.

Авторы:Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов