Қазақстанда токенизация нарығы мен криптоиндустрия аясында алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болды. Бұл туралы Премьер-министр Үкімет отырысында айтты. Олжас Бектенов осыған байланысты уәкілетті органдарға цифрлық ортада азаматтарды қорғау жұмысын жалғастыруды тапсырды. Аталмыш тақырыптың көтерілуі бекер емес. Бүгін Үкіметте цифрлық активтер бағытын ілгерілету мәселесі қаралды. Қазір елімізде ол үшін заңнамалық және инфрақұрылымдық негіз қалыптасқан.
Цифрлық активтер, көпше түрде айтып тұрғанымыз бекер емес. Әлемде оның түрі көп. Бізде де ол кеңінен қолданылып жатыр. Үкімет оны бақылау, қадағалау және жетілдіруге бағытталған құқықтық негізді қалыптастырды. Бүгінгі отырыста саланы дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары мақұлданды. Құжат 10 бағыт бойынша 65 іс-шараны қамтиды. Мамандардың болжауынша, бұл экономикада цифрлық активтерді қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық жаңғыруына қатысты маңызды міндеттер қойды. Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Оның дамуына қажетті негізгі жағдайлардың бәрі жасалды. Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни, бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды болып отыр.
Осыдан 3 жыл бұрын «Цифрлық активтер туралы» заң күшіне енді. Соған байланысты нақты әрекеттер жасалды. Атап айтқанда, майнерлерді лицензиялау жүйесі енгізіліп, майнинг-пулдар аккредиттелді. Олардың жабдықтары да есепке алына бастады. Билік осылайша бәрін бақылап, тиісті салығын жинайтын болды.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- 2025 жылы Қазақстанда майнинг-пулдар арқылы шамамен 3600 биткоин өндірілді. Яғни, 2023 жылмен салыстырсақ, өндіріс көлемі 4 есеге өсті. Салық түсімдері бойынша да айтарлықтай өсім бар. 2023 жылы саладан бюджетке 9 млрд тг түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,4 млрд тг-ге жетті. Яғни, салық түсімдері 2,5 есеге жуық өсті.
Қазірдің өзінде Қазақстанның крипторезерв көлемі 700 млн долларға жетіпті. Мамандардың айтуынша, цифрлық активтерді қолдану арқылы 34 бизнес-жоба сәтті сынақтан өткен. Ал цифрлық теңге арқылы инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылып, қаражаттың мақсатты пайдаланылуы тұрақты бақылауға алынды. Үкімет басшысы отырыста саланың дамуымен қатар, алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мәселен, жуырда ғана криптовалютамен шағын несие береміз деген топ ұсталды. Сондықтан цифрлық ортада азаматтарды қорғау жұмысын жетілдіру тапсырылды.
Авторы:Ердәулет Ыбырайұлы, Таиыр Мерекенов