1992 жылдың 28-қаңтарынан тамыр тартатын қазақ-корей ықпалдастығы жан-жақты дамып келеді. Ол көпқырлы бағыттарды қамтығанымен, ендігіде ықпалдастық жаңа деңгейге шықпақ. Ол технологиялық альянс форматына өтуде. Яғни қазақша айтқанда, кәрістер барын беріп қана қоймай, білгенімен бөліседі. Әуелі алыс-берістің қазіргі жағдайына тоқталып өтсек.
Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналым 3,17 млрд АҚШ долларын құрады. Бізден шығатын экспорт көлемі – 928 млн доллар және ол негізінен минералдық өнімдер, металл және металл бұйымдар. Оңтүстік Кореядан келетін импорт көлемі 2,24 млрд доллар десе, ол негізінен машина, жабдықтар, автомобиль, аспаптар мен аппараттар.
Корея әсілінде Қазақстан ғана емес, Орталық Азия географиялық аймағымен ықпалдастықты тереңдетуге мүдделі. Бұл аспектіде де Қазақстанның үлесі басым. Орталық Азиядан баратын экспорттың 98 пайыздан астамы бізге тиесілі. Кореядан өңірге келетін импорттың 35 пайызға жуығы, жалпы Корея және Орталық Азия аймағы арасындағы тауар айналымының 43 пайыздан астамы Қазақстанның еншісінде.
Озық мемлекеттердің назарын аудартып отырған қадамдардың бірі елімзідегі инвестициялық саясат және Қазақстанның замануи дамуға деген ұмтылысы. Оны екі ел ықпалдастығының басым бағыттарының құрылымынан аңдау қиын емес. Мәселен, автомобиль өндірісі бұл көлікті құрастыра салу емес, өндірісті оқшауландыру үлесін арттыруды көздейді. Стратегиялық минералдар бағытына келсек, Корея компаниялары шикізатты қазып алып кетпейді, қазақстандық ғалымдармен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізіп, терең өңдеу желісін құрады. Энеретика саласында да ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысады. Сондай-ақ Қазақстанда бірлескен дрон өндірісі жолға қойылды. Корея кезінде алдыңғы қатарлы және жоғары технологиялар институтын құрғанның арқасында қазіргі жетістікке жетті. Енді сол тәжірбиені Қазақстанмен бөлісіп, KAIST Kazakhstan институты құрылуда. Корей компаниялары Alatau City қаласын технологиялық дамытуға қатысады. Сол секілді денсаулық сақтау бағытында кореялық кластер құрылады.
Мәдени-гуманитарлық бағытта перспектива зор. Еліміздегі корей диаспорасы қос елдің арасындағы көпір болса, туризм саласы да терең ықпалдастыққа сұранып тұрған сала. Әсіресе курорттық туризмге екі жақтың тұрғындары да мүдделі.
Былтыр Кореядан 51 мыңға жуық адам саяхаттап келсе, бізден 65 мың адам қарсы бағытта сапарлаған.
Чхе Ён Хун, Сеул қаласының тұрғыны:
- Қазақстан – туризм үшін тамаша жер, бұл сала бойынша да жақын ынтымақтастық орнатуға болады. Өйткені Кореядан Қазақстанға ұшу ұзақтығы небәрі алты сағат шамасында және тікелей рейстер көп. Табиғи байлықтары таңғаларлықтай әр алуан. Корейлер Қазақстанда курорттарды көбірек салса тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын.
Жалпы алғанда, Қазақстан мен Корея республикасының көпқырлы қарым-қатынасы бір ғана мүддеге құрылған. Ол тізе қосып жұмыс істеу. Яғни саудадан - бірлескен өндіріске, инвестициялар жергілікті үлеске, технологиялар трансферттеу, яғни Қазақстанға беру, жеке жобаларды тұтас экожүйеге айналдыру. Бұның барлығын бірауыз сөзге сыйғызсақ, дәстүрлі серіктестіктен болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестікке ұмтылу деп бағамдасақ болады.
1950-53 жылдардағы Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы соғыста тек түстік тараптан 1 жарым млн-ға жуық адам қаза болды. Елдің инфрақұлымы түгелдей дерлік қирады. 20 жыл өткенде АҚШ келіп озық технологиялары, ғылыми тәжірибесімен бөлісті.
Нәтижесінде қазір Оңтүстік Корея - Азиядағы ең алдыңғы қатарлы елдің бірі. «Енді сол жетістігімен біздің Қазақ елімен бөлісеміз», - дейді. Оның үстіне біз Корея сияқты зұлмат соғысты бастан кешкен жоқпыз. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл, орнықты дамып келе жатқан елміз. Демек құдайдың өзі беріп тұрған мүмкіндікті неге молынан пайдаланбасқа деген мәселе ғой.
Берік Дүйсенбай