Күні бүгінге 6 миллион 200 мың тонна астық бастырылды. Биыл бес жарым млн гектар алқапқа дәнді-дақыл егілді. Орташа өнімділік гектарынан 14 центнерден асты.
Тәжірибелі диқан Болат Әбдірахманов: «Орақ науқанын ойдағыдай аяқтады. Биылғы құрғақшылық пен күздегі жауын-шашын егінге айтарлықтай кері әсерін тигізген жоқ», - дейді. Дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалыпты. Ғылымға сүйеніп, мамандармен ақылдасқан. Нәтижесінде бидайдан гектарына 26 центнерден өнім алған.
Болат Әбдірахманов, шаруа қожалығының басшысы:
- Бұл ыстыққа біз ғалымдармен бірлесіп, өткен жылдан бастап зерттеп, ай сайын шығып, ылғалдылықты, қардың қалыңдылығын зерттеп, көктемде дайын болдық. Ыстыққа дайын болғасын, бізге жеңіл түсті. Мынау ыстық астықтың өнімділігі мен сапасына өте қатты әсер етті. Клейковинаны көтерді. Бірақ өнімділік түсті. Көп жерде 30 пайызға дейін түсіп кетті. Бірақ бізде тыңайтқыш қолданудың арқасында ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеудің арқасында жақсы өнім алдық.
Биылғы астығын қамбаға құйып алған диқан енді келесі жылдың егіс науқанына қам жасап жатыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Шаруалар қазірдің өзінде келер жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Алқаптарды жыртып, жер құнарын арттыру үшін тыңайтқыш сеуіп жатыр. Мамандардың сөзінше, осындай күзгі дала жұмыстары топырақтың құнарлылығын сақтап, келер жылғы астықтың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Науқан аяқталғанмен механизаторлардың жұмысы бітпейді. Техниканы жөндеп, алдағы науқанға дайындап қояды.
Мұрат Дүйсенбаев, механизатор:
- Тыңайтқыш сеуіп болғаннан кейін қалған поляларға барып, зябь жыртамыз.Одан кейін техникаларды қойып, жөндейтінін жөндейміз де, қысқы қар тоқтатуға дайындаламыз. Сосын қар тоқтатып болғасын, техникаларды жылы боксқа кіргізіп, көктемге дайындаймыз.
Былтыр өңір шаруалары рекордтық көрсеткіште астық жинады. Қамбаға жеті жарым миллион тонна алтын дән құйылды. Бірақ биылғы жиналған өнім көлемі едәуір аз. Мамандар мұны құрғақшылықпен байланыстырып отыр. «Десе де, жаздағы аптап ыстық астықтың ерте пісіп жетілуіне ықпал еткен. Яғни түсімі аз болғанымен сапасы жақсы», - дейді жауаптылар. Нақтырақ айтқанда, жиналған бидайдың 80 пайызы әлемдік нарықта сұранысқа ие Hi-Pro стандартына сәйкес.
Ренат Қасенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Сапалы астық жинау үшін ең бірінші қаражат керек. Сондықтан биылғы жылы басқа жылдармен салыстырғанда облысымыз бойынша ауыл шаруашылығын қолдау үшін 322 млрд.теңге берілді. Соның ішінде қайтарымсыз 85 млрд.теңге.
Егіннің шығымдылығы экспортқа да айтарлықтай әсер етеді. Қазір шаруалар бітік шыққан бидайын сатуға кірісті. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бағаны бекітті. Бидайдың сортына қарай бағасы тоннасына 115 мың теңгеге дейін жетеді. Жалпы жыл басынан бері жергілікті шаруалар 3 млн.тоннаға жуық өнімді экспорттады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4 млн-ға дейін жеткізу жоспары бар.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный