Республика күні

Өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар іске асырылды

  • 37
  • 19.10.2026, 16:58

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда бірнеше жоба іске асырылды. Мәселен, Алматыда су құбыры нысаны жаңартылса, Жетісу облысында бес ауыл көгілдір отынға қосылды. Ал Ақмола облысында металлургиялық өндірісті дамытуға бағытталған ірі жоба жүзеге асты.

Сумен қамтитын нысан жаңартылды

Алматыда су құбыры нысаны қайта жаңғыртылды. Ол Наурызбай және Бостандық аудандарының шамамен 15 мың тұрғынын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Жаңғырту жұмыстары барысында суды құбыр желісіне айдайтын жаңа сорғы станциясы салынды. Оған бес сорғы орнатылды. Оның үшеуі тұрақты жұмыс істесе, екеуі резервте болады. Сонымен қатар жалпы сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын екі таза су резервуары жаңғыртылып, инженерлік желілер жөнделді. Мамандардың мәліметінше, енді құбырлардағы қысымды тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік артады. Әсіресе тұтыну көлемі артқанда, су берудегі іркілістердің алдын алуға жол ашады.

Атырауда кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша 11 сорғы станциясы мен 33 шақырымнан астам желі жаңартылады. Ұлттық жоба аясында тағы төрт кәріз сорғы станциясы жөнделеді. Бұл қаладағы кәріз желілерінің тозу деңгейін 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бес ауыл газ желісіне қосылды

Жетісу облысының Панфилов ауданында бірден бес елді мекен газға қосылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ және Керімағаш ауылдарына 58 шақырым құбыр тартылды. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.

Металлургиялық қалдық өңдейтін зауыт іске қосылды

Ақмола облысының Зеренді ауданында металлургиялық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт іске қосылды. Жаңа өндіріс ошағы ай сайын 2–3 мың тонна шикізат қабылдап, қорғасын мен мыс өндіреді. Дайын өнім қоймаларда жатып қалмай, отандық металлургия саласының өндірістік тізбегіне бірден қосылмақ. Жобаға қазірдің өзінде 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Ал келер жылы зауытта қара қорғасын, сирек металл және мыс концентратын өндіру жоспарланып отыр. Жалпы алдағы бес жылда инвесторлар өндіріс ауқымын кеңейтіп, жұмыс орындарының санын арттыруды көздеп отыр.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы