Бүгін Орал қаласында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың ұйымдастыруымен Мұнай газ машина жасау форумы өтті. Іс-шара барысында еліміздің тауар өндірушілері мен мұнай-газ компаниялары жалпы құны 650 миллион доллардың келісімшарттарына қол қойды. Форум аясында операторлардың ашық есік күні мен 40-қа жуық кәсіпорынның көрмесі өтті.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров бастаған делегация алдымен «WEST OIL», «ОралАгроРемМаш» және «Батыс Қазақстан машина жасау компанияларында» болды. Олар арнайы техника, металл конструкцияларын, өлшеу және автоматтандыру жүйелерін шығаратын кәсіпорындардың қуатымен танысты. Ал мемлекеттік органдар мен ірі мұнай-газ компаниялары, салалық қауымдастық өкілдері қатысқан бүгінгі Мұнай-газ машина жасау форумында отандық машина жасау ісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы талқыланды.
Жандос Оразалиев, NCOC компаниясы басқарушы директорының орынбасары:
- Халықаралық машина жасау ұйымы құрылғанына 5 жыл болды. Бұл мекеменің құрылған себебі 3 оператор бірігіп, өзіміздің машина жасау саласын дамыту үшін құрылған мекеме болатын. Өйткені біз халықаралық стандарттарға, талаптарға сай еліміздегі мекемелердің біліктілігін дамыту үшін біраз көңіл бөлініп отыр. Біраз шаруа жасалып отыр. Сондықтан бұл форумның өзінің рөлі жоғары.
Биылғы форум аясында отандық өндірушілер мен операторлар жалпы құны 650 млн доллардың 12 келісімшартқа қол қойылды.
Дәулет Әлмұхаметов, «Азот зауыты» жшс директорының орынбасары:
- Біздің қаламызда бұндай форум бірінші рет өтіп отыр. Жұмысы өте жемісті болды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Облыс кәсіпкерлері үшін өндірісін өркендетуге бұл тамаша мүмкіндік деп білемін. Біздің кәсіпорын NCOC компаниясымен азот жеткізуге келісімге қол жеткізді.
Форум аясында 40-қа жуық отандық өндірушінің көрмесі ұйымдастырылып, мұнай-газ саласына арналған жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап