Қазақстанда шағын және орта бизнес саласында еңбек ететіндердің саны төрт жарым миллион адамнан асты. Бұл елдегі жұмыс істейтін халықтың 48,6 пайызы. Соңғы 7 жылда осы секторда өнім өндіру көлемі 3,2 есе артқан. Тек 2025-тің қорытындысы бойынша, 104,8 триллион теңгеге жеткен. Тіпті ауыл-аймақтарда да, кәсіппен айналысушылар саны артып, жергілікті жерді өз тауарларымен қамтып отыр.
Гүлжайна Ережепова - «Ауыл аманаты» арқылы жеке кәсібін ашып, бағдарлама игілігін көргендердің бірі. Байзақ ауылының тұрғыны былтыр 8 млн 900 мың теңге жеңілдетілген несие алып, жолдасымен бірге қияр өсіретін жылыжай салды. Қазір жыл он екі ай өнім алып отыр.
Гүлжайна Ережепова, Байзақ ауылының тұрғыны:
-Дәнін арнайы тапсырыс беріп, бұл северан деген дән. Яғни жылыға, суыққа төзімді. Өнімді көп беретін дән. Сондықтан осыны таңдадық. Бұл бізде үшінші егін. Бір айда біз 1,5 тоннадай аламыз. Осы Байзақ ауылында екі үлкен дүкен бар. Сол жаққа өткіземіз. Ауылды қамтып отырмыз.
Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын Айнагүл Ахметбекованың да бизнесі кеңейіп келеді. Кәсіпкер бір жарым жыл бұрын 1,2 гектар жер алып, құс шаруашылығы кооперативін құрған еді. 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 17 миллион теңге несие алған. Қаржының бір бөлігіне қажетті жабдық алса, қалғанын құс жұмыртқасына жұмсаған. Бүгінде ай сайын бір тонна ет өндіріп, Астана, Алматы қалалары мен Түркістан облысына жібереді.
Айнагүл Ахметбекова, кооператив жетекшісі:
-Канададан үндіктің, Чехиядан бройлердікі, Башқұртстаннан үйрек пен қаз жұмыртқасын алдыртамыз. Біз март айында жұмыртқаны қоямыз, 4 ай балапан шығарамыз. Тамыздан бастап 5 ай ет союмен айналысамыз.
Ал Түркістан облысында ауыл кәсіпкерлеріне жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, Ордабасы ауданының орталығында өндірістік парк құрылып, 10 гектар жер бөлінді. Енді мұнда арнайы нысандар салынады. Алғашқы кезеңінде 1 гектар жерге 5 ғимарат салынды. Соның бірінде тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын шағын цех жұмыс істеп тұр. Қазір кір жууға арналған түрлі зат дайындалып, аудандағы дүкендерде сатылуда.
Бағдат Байдулла, ауыл тұрғыны:
-Оның ішінде бізде кір жуатын құрғақ және сұйық ұнтақтар бар және сұйық сабын шығарамыз. Төрт бағытты бөлсек, 12 түрін шығарып жатырмыз. Қазір қолда бар аппаратпен күніне 1 тонна порошок шығарып жатсақ, келешекте күніне 4-5 тонна шығару ойда бар. Осындай үлкен жерге келгеннен кейін қуатты жабдықтар аламыз.
Шағын және орта бизнес саласы соңғы жеті жылда жоғары қарқынмен дамыды. Нәтижесінде тек осы сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7 пайызға өсіп отыр.
Надежда Хен, ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің басқарма басшысы:
- Кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде «Даму» қорының жұмысын да атап өткім келеді. Соңғы 7 жыл ішінде 228 мың жоба қолдау тапты. Нәтижесінде 900 мың жұмыс орны сақталды және 93,1 мың жаңа жұмыс орны пайда болды. Сондай-ақ 134 триллион теңгенің өнімі шығарылды.
Жеке бизнесін дамытамын дегендерге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау жалғаса береді. Бұл мақсатта бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылып келеді. Мәселен, соңғы жеті жылда саланы қолдауға 10 триллион 200 миллиард теңге бағытталған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
-Былтыр кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді. «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы мен шалғай елді мекендердегі шағын бизнеске арналған «Іскер аймақ» жобасы іске асырылды. Нәтижесінде шағын және орта кәсіппен айналысатындар қатары 37 пайызға өсті. 2019 жылдан бері 105 трлн теңгенің өнімі осы салада өндірілді. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі де 9,2 пайызға ұлғайды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейрамбек Қайыркелді