7 жылда 118,3 млн м² тұрғын үй салынды

  • 3
  • 15.10.2026, 18:55

Қазақстанда тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. Соңғы жеті жылда 118 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейінгі жоспарланғаны – 20 миллион 400 мың шаршы метр тұрғын үй салу. Құрылыс қарқынының артуымен қатар баспананың қолжетімділігі мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де өзекті. 

Елдегі құрылыс саласы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, тұтас аудандар мен қалалар жаңарып жатыр. Мәселен, 2019 жылы елімізде 13 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, кейінгі жылдары ол тек өсім көрсетіп отырды. Жеті жылда құрылыс 55 пайызға артқан.

Марат Жарбулов, ҚР ӨҚМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы:

-7 жылдың ішінде бізде 920 млрд теңгеге 83 мың арендалық берілді. 82 мың «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы қарыздар берілді. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап «Наурыз» бағдарламасы іске асырылды. Екі жылдың ішінде 828 млрд теңгеге 29 мың өтініш мақұлданды.

Құрылыс дамыған соң соңғы жылдары Түркістанның келбеті түбегейлі жаңарды. Қалада 1 трлн 417 млрд теңгеге 3 млн шаршы метр баспана салыныпты. Үйлі болғандардың жартысынан көбі – тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Мамандар биыл көпқабатты 37 үй құрылысы аяқталатынын айтады. Жыл басынан бері 410 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бастапқы жылдармен салыстырғандағы өсім 2 жарым есеге артқан. Жалпы 2020-шы жылдан бері Түркістан облысы бойынша 718 көпқабатты тұрғын үй салынып, 22 мың адам баспаналы болды. Оның ішінде 655-і мемлекеттік бағдарламамен,  63 үй жеке инвестиция есебінен салынды. Жұмсалған қаржы 2 жарым трлн теңгені құрады. 

Байдулла Оразбеков, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

-Түркістан облысында биыл 248 салу жоспарланған. 6308 пәтер болады. Оның ішінде 145 үй жеке салушылар есебінен болса, 103 үй мемлекеттің қаржыландырып жатқан үйлері. Көпбалалы, жалғызбасты отбасыларға жеңілдетілген несиелер арқылы баспанамен қамтамасыз етіп жатырмыз. Одан бөлек кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы үйлерді де береміз. Биылға 500-ден астам пәтер жоспарланған. Оны жыл соңына дейін пайлануға беріп, тұрғындарға тапсырамыз.

Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй құрылысын дамыту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмеуі керек. Жаңа аудандардың қалыпты жұмыс істеуі үшін жылу және электр энергиясымен қамту, жол, қоғамдық көлік пен басқа да инфрақұрылым қатар дамуы маңызды.

Диляра Сейітнұрова, құрылыс саласы бойынша сарапшы:

- Сонымен қатар енді ТЭЦ, ГРЭЦ деген обектілерге де өте маңызды көңіл бөлу керек. Өйткені сол үйлерді қамтамасыз ететін обектілерде керек болып тұр. Оның ішінде жолдар да бар. Автобус пен метро да бар. Жаңа жобаларға ат салысып жақанын көріп отырмыз. Ол да жақсы. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші

- Биыл еліміз бойынша 13 млн шаршы метр тұрғын пайдалануға беріліпті. Көрсеткішті жыл соңына дейін 20,4 млн шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. Бұл – шамамен 188 мың пәтер. Сарапшылардың айтуынша меже орындалса тәуелсіздік жылдары ішіндегі рекордттық көрсеткіш болады. 

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов, Болатбек Табалдиев