2035 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі жылына 100 миллион тоннаға жетеді. Бұл туралы елордада өткен халықаралық көлік форумында айтылды. 40-қа жуық елдің сарапшылары көлік инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекет көлік-логистика саласының ел экономикасындағы үлесін ұлғайтуға басымдық беретінін атап өтті. Биылғы 9 айда көлік саласы 7,2 пайыз өсім көрсеткен. Кейінгі жеті жылда елде 36 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып жөнделді. Былтыр ел арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 18 пайызға артып, 39,1 миллион тоннаға жетті. Алдағы уақытта Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы және Транскаспий халықаралық көлік дәліздерін дамытуға басымдық беріледі.