Қашағанда екі газ өңдеу зауыты салынады

  • 4
  • 15.10.2026, 18:30

Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Қатардың Power International Holding компаниясы басшылығымен кездесуінде айтылды. Олжас Бектенов мен Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаят бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ газ өңдеу және телекоммуникация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Бүгінде Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт келер жылы пайдалануға берілмек. Қуаттылығы 2 жарым млрд текше метр болатын екінші зауытты 2030 жылға қарай іске қосу жоспарланған. Премьер-министр нысандарды уақтылы пайдалануға беру үшін бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты. Ел Үкіметі туындаған мәселелерді жедел шешуге қажетті жәрдем көрсетеді. Холдинг басшылары өзара тиімді байланысты арттыруға ниетті.