Құрылтай бюджет жобасын мақұлдады

  • 8
  • 14.10.2026, 18:46

Алдағы үш жылда елдегі жалпы ішкі өнім өсімі 5 пайыздан жоғары болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Құрылтайда үш-жылдық бюджет жобасын таныстырған Үкімет басшысы айтты. Үкімет ұсынған республикалық бюджет туралы заң жобасын Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Бюджетті қалыптастыру барысында шығыстар 6 трлн 700 млрд теңгеге қысқартылған. Үнемделген қаражат денсаулық сақтау және білім беру салаларының инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ басқа да әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталады. Мұнымен қоса елде әлеуметтік көмек тағайындау тәсілі өзгереді. 

Құрылтай депутаттары бүгін бірнеше заң жобасын қарады. Соның ішінде «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының маңызы ерекше. Құжаттағы негізгі көрсеткіштерге тоқталайық. Жобаға сәйкес келер жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 5,3%-ды құрайды. 2028 және 2029 жылдары да өсім осы деңгейде болады деп болжануда. Ақшалай мәнде алғанда номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:

– Экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның орташа өсімі кемінде 5 пайызды құрайды. Құрылыстағы өсу қарқыны 16%-дан 17,3%-ға дейін артады деп болжануда.

Жәрдемақы тағайындау тетігі өзгереді

Мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру және халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа жылдан бастап елімізде «мұқтаждық қағидатына» көшу жоспарланып отыр. Әлеуметтік көмек енді барлығына бірдей берілмейді. Үкімет қолдауды азаматтың мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай көрсетуді көздеп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:

-Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін ауқымды реформадан өткізіп жатырмыз. Енді адамның қай санатқа жататынына емес, оның нақты мұқтаждығына басымдық береміз. Келесі жылдан бастап бұл қағидат толық қолданысқа енгізіледі. Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек.

Асқарбек Ертаев, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Санат бүкіл отбасы мен үй шаруашылығы туралы деректердің жиынтығы негізінде анықталады. Мұнда жалақы немесе мүлік секілді бір ғана белгі ескерілмейді. Цифрлық отбасы картасы мемлекеттік деректер базаларынан ақпарат жинап, үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайын кешенді түрде бағалайды.

Ццифрлық карта жасалады. Онда мемлекеттік дерекқорлардан үй шаруашылығы туралы 8 бағыт бойынша мәлімет жинайды. Жаңа тәртіп негізінде кіріс пен шығыс та ескеріледі. Ал отбасының қаржылық жағдайы өзгерген жағдайда мемлекеттік қолдау шаралары қайта есептеледі.

Республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Оның үштен бірінен астамы ғылым, білім беру және медицина салаларын қолдауға бағытталады. Өзге басым бағыттардың қатарында өңірлерді қолдау, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да міндеттер бар. 2027 жылы жылдық инфляция 7 жарым мен 9 жарым пайыз аралығында болады деп болжанып отыр. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 6 процентке дейін төмендейді деп күтілуде.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы