Елімізде 7 жылда өнеркәсіптің өндіріс саласы қарқынды дамыған. Салаға құйылған инвестиция көлемі артуының арқасында 1226 жоба жүзеге асырылды. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына ғана емес, өңірлердің экономикасын әртараптандыруға да үлкен серпін берді. Бүгінде машина жасау, мұнай-газ, металлургия, тамақ және химия өнеркәсібі, техника жасау, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да салалар бойынша даму көрсеткіштері жоғары.
Отандық өнеркәсіп саласында 7 жылда құны 8 трлн 700 млрд теңгенің 1 мың 200-ден астам жоба іске асқан.
Жаңадан құрылған кәсіпорындар 106 мың 800 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде серпіліс байқалады. 2019 жылдан бері қарай Қазақстанда 1072 жаңа өндіріс ашылған. Қайта өңдеу саласындағы 187 жоба машина жасау, тағы 265-і тамақ өнеркәсібіне тиесілі.
Құрылысқа қажетті өнімдерді қайта өңдеумен айналысатын 242 нысан іске қосылған. Ал химия өнеркәсібінде 57 зауыт ашылыпты. Биылдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестицияның 40 пайыздан астамы өнеркәсіп саласына құйылған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 2 трлн теңгеге жуық қаржы, тау-кен өндірісіне 1 трлн 870 млрд теңге бөлінген.
Мәселен, Қарағанды обылсындағы кірпіш зауыты жақында іске қосылды. Мұнда 20 адам еңбек етеді.
Қобыланды Тілейхан, кірпіш зауытының жұмыскері:
- Шыққан кірпіштерді әкеліп бір қатарға жинау – қазіргі жұмысым. Басында енді жай қара жұмыста жүрдік. Айлық төлемі жақсы, бірқалыпты, уақытылы төлеп жатыр.
Ақтаудағы битум зауыты 9 айда 282 мың тонна жол битумын өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға артық көрсеткіш. Кәсіпорын жылына 1 млн тонна мұнай өңдеп келсе, биыл қайта жаңғыртудан соң өндіріс қуаты 1 млннан 1,5 млн тоннаға артқан.
Талғат Мұқанов, бірлескен кәсіпорын бас директорының бірінші орынбасары:
-Тамыз айында рекордтық көрсеткіш 65 мың тонна битум өндірген болатынбыз және осы тамыз-қыркүйек айларында Қазақстан бойынша біздің битум өндірісіміз басқа зауыттармен салыстырғанда ең жоғары деңгейде. Жоспарымыз – ішкі нарықтың толығымен битум қажеттілігін жауып, битумды экспорттау.
Отандық өнеркәсіпте биыл да оң үдеріс сақталған. Жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл былтырғыдан 10 жобаға артық.
Мұхамед Андақов, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
-Қазіргі таңда 106-сы іске қосылып қойды. Олардың жасап жатқан өнімдері ішкі нарқыты қамтамассыз етіп, сырттан келетін импортты кішкене азайтып және дайын өніммен, құны қосылған өнімдермен экспортқа шығу.
Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 %-ды құрайды. Құрылыста өсу қарқыны 2029 жылы 17,3%-ға дейін артуы болжанып отыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит