Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

«Атырау – Самара» учаскесі: 8 млн тонна мұнай тасымалданды

  • 2
  • 23.11.2026, 18:22

Аумалы-төкпелі геосаяси жағдайға қарамастан, біздің мұнайға сыртқы нарықта сұраныс қызып тұр.

«Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының «Атырау – Самара» учаскесі арқылы 2026 жылдың 10 айында 8 млн 373 мың тонна мұнай тасымалданды. Оның ішінде Новороссийск порты бағытына 3 млн 723 мың тонна, Усть-Луга порты бағытына 1 млн 958 мың тонна мұнай жөнелтілді. Энергетика министрлігі жыл аяқталмай жатып, 2027-ге болжам жасап үлгерді.

Келер жылы 99 млн тонна мұнай өндіріп, оның 79 миллион тоннасын өзге елдерге сатамыз деп алақанын ысқылап отыр. Жаман айтпай жақсы жоқ. Бұған кен орындарындағы жөндеу жұмыстары, тасымалдау тұрақтылығы және әлемдік нарықтағы жағдай әсер етпей қоймайды.

Дей тұрғанмен, биылғы көрсеткіш те тәп-тәуір. 10 айда 24 мемлекетке тасымалданған мұнай көлемі 38 млн 306 мың тоннаны құрады. Жыл соңына дейін 96 млн тонна қара алтын өндіру жоспарланған.

Қазақстан мұнайының басты тұтынушысы – Италия. Одан кейін Нидерланд пен Франция. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі дерекке сүйенсек, Италияға 18,3 миллион тонна, Нидерланд еліне 6,6 миллион тонна, Францияға 5 миллион тоннадан астам шикі мұнай экспортталған.

Құндық есеппен алғанда, осы үш елдің үлесіне мұнай экспортының 56,7 пайызы тиесілі. Демек, шетелге сатылған қара алтынның жартысынан астамы Еуропаның үш нарығына бағытталған деген сөз. Ал өзге сатып алушылар қатарында Грекия, Түркия, Испания, Сингапур, Румыния, Қытай және Оңтүстік Корея бар.