Көлік-транзит саласы қарқын алды

  • 7
  • 14.10.2026, 19:04

Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерін дамытуды жалғастыруда. Транзиттік әлеуетті арттыру – төңіректегі елдер арасындағы байланысты да жақсартпақ. Ең бастысы сауда жолы арқылы экономиканың өркендеуіне үлес қосылады. Сондықтан бұл мақсаттағы жобалардың арасында стратегиялық мәнге ие бағыттар да бар. Бүгінде еліміз арқылы өтетін халықаралық дәліздер бар. Алдағы уақытта бұл тұрғыда тағы қандай іргелі істер атқарылады?

Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан Қазақстан халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Тек Қытайды, Орталық Азияны, Кавказ бен Таяу Шығысты байланыстыратын 7 халықаралық автомобиль көлік дәлізі өтеді. Теміржол мен әу қатынастары да басты назарда.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қазақстан өзінің географиялық артықшылығын пайдалана отырып, Еуразия құрлығындағы басты транзиттік және логистикалық хабты құруды көздейді. Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын бағыттарды құру – ел дамуы үшін стратегиялық мәнге ие басымдықтардың бірі. Транзиттік әлеуетті пайдалану үшін қолға алынған ауқымды жұмыстардың нәтижесі де бар. Нақтырақ айтқанда, ел аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді.

Шығыстағы көрші елден кәрі құрлыққа бағытталатын жүк негізінен «Достық-Мойынты» секілді теміржол арқылы тасымалданып, одан әрі Орта дәліз яғни Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосылады. Бұл ел аумағынан өтетін негізгі бағдарлардың бірі. Тек биылғы сегіз айда осы бағытпен 44 мыңнан аса контейнер тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58%-ға көп. Каспий теңізінің мүмкіндіктері болашақта  «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінде де қолдынылуы мүмкін. Бағдар Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран арқылы өтіп, Үндістанмен байланысуы керек. Бұл жүкті автомобиль, теміржол, теңіз арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Жуырда Президент те оның Ресеймен ынтымақтастық аясындағы ел үшін ерекше маңыздылығын атап өтті. Сарапшылар бұл жоба іске асса, бірден бірқатар салаға серпін беретінін айтады.

Арман Ешмұратов, қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

- Оны бір жол деп айтуға болмайды. Ол жолдар жүйесі. Оның ішінде теңіз транспорты, теміржол да бар, тас жол деген сияқты. Біз енді теңізге нақты жол жоқ. Бірақ біз транспорттық инфраструктура құра аламыз, Еуразияның ортасында болғаннан кейін және бізде маңыздысы – бейбітшілік саясат.

Бұл елімізбен өтетін халықаралық сипатқа ие негізгі бағыттар. Қазақстан ішкі жолдар мен көлік инфрақұрылымын дамытуға да баса мән беріп келеді. Мәселен, теміржол желісін жаңғырту, жаңа бағдарлар салу күн тәртібінде.

Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы жылдары Бақты – Аягөз бағыты да пайда болмақ. Елде бар вагон, лакомотив, электровоз құрастыратын 6 кәсіпорынның өнімдері жыл өткен сайын артып, нарықта қолданылуда. Бұдан бөлек қазір теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатыр. 121 вокзалды жаңарту жоспарда. Оның 102-сі ел игілігіне беріліп те қойды. Бұл нысандардың қатарында ғасырдан астам уақыттан кейін ғана жөнделгені де бар.

Фараби Бердешов, «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалының бас маманы:

- Тек қана вокзалдың ғимараты ғана емес, сонымен қатар сыртқы абаттандыру жұмыстары, перрон платформа жүйелері, адамдардың қолайлы жағдайларын ұйымдастыру үшін сырттағы жұмыстар да қарастырылған. Бұл жерде вокзалдарға келетін инфрақұрылым жүйелері де жаңартылған. Бірінші мақсатымыз – қауіпсіздік және сол вокзалға келетін адамдардың ыңғайлы жағдайын жасап беру.

Елімізде автомобиль жолдарын жаңғырту, жаңа көлік дәліздерін қалыптастыру және өңірлер арасындағы қатынасты жақсарту бағытында ауқымды жобалар да жүзеге асырылуда. Қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға тиесілі.

Еркебұлан Сағатбек, ҚР көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің бас маманы:

- Көлік байланысын жақсарту үшін «Қарағанды – Жезқазған», «Қызылорда – Ақтөбе – Ұлғайсын». «Сексеуіл-Қызылорда», «Бейнеу-Сексеуіл» бағыттарын дамыту, сондай-ақ «Сарыағаш-Қызылорда», Атырау, Рудный және Петропавл қалаларын айналып өтетін жолдарды салу көзделген. Бұдан бөлек Рахман қайнарына апаратын жол, Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді реконструкциялау жоспарлануда.

Осылайша Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерін дамытуды жалғастыруда. Қолға алынған жобалар транзит пен сауда мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы