Ел экономикасы 9 айда 4,2%-ға өсті

  • 8
  • 13.10.2026, 18:34

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:  

- Қазақстан экономикасы биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында оң динамикасын сақтап қалды. Үкімет отырысында жарияланған мәліметтерге сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2%-ды құрады. Жалпы бұл – тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі. Шикізаттық емес сектор 5,4%-ға өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1 трлн теңгеге жетті, ал жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулады.

Бір қарағанда, бұл – экономикалық белсенділіктің сақталғанын көрсететін қалыпты көрсеткіш. Алайда оның астарына үңілсек, ел экономикасында құрылымдық өзгерістердің жүріп жатқанын, инвестициялық белсенділіктің артқанын және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін инфляция мәселесінің әлі де өзекті екенін көреміз.Дегенмен экономикалық белсенділікті қамтамасыз етуде мұнай мен басқа да шикізат ресурстарынан бөлек салалардың маңызы артып келеді. 

Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, әдеттегіше өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік қызметтерінде дамудың ең жоғары қарқыны сақталған. Сондай-ақ сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс саласында оң динамика қалыптасып отыр. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,2 млн-ға жеткен, яғни 32,5 пайыз көбейген. Бұдан өзге, азық-түлік өндірісі 13,8 процентке артыпты. Экономикаға тартылған инвестициялардың ішінде жеке инвестицияның үлесі де артқан. Бұл көрсеткіштердің мәні зор. Өйткені өндіріс көлемінің ұлғаюы, құрылыс жобаларының жүзеге асуы, көлік инфрақұрылымының дамуы және сауда айналымының артуы экономикалық белсенділіктің бірнеше бағытта қатар жүріп жатқанын білдіреді. Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру маңызды міндет екенін тағы бір еске салды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен қатар республикалық бюджеттің атқарылу барысы да қаралды. Бұл мәселенің маңызы ерекше, өйткені бюджет қаражаты – мемлекеттік міндеттемелерді орындаудың, әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етудің және экономиканы дамытудың негізгі құралдарының бірі. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша,  трансферттерді есептемегенде, мемлекеттік бюджеттің кірісі 20,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, түсімдер 16,3%-ға өскен.

9 айдағы көрсеткіштерді қорытындылай айтқанда, ел экономикасында оң үрдістер бар. Оған нақты дәлел - жалпы ішкі өнімдегі өсім, шикізаттық емес сектордағы динамика, инвестициялық белсенділіктің артуы және инфляцияның баяулауы. Бірақ тоқмейілсуге әлі ерте. Алдағы міндеттер ауқымды. Экономиканың тұрақты дамуы үшін өндірістік әлеуетті арттыру, жеке инвестицияларды қолдау, еңбек өнімділігін көтеру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту қажет. Ал әлеуметтік салада нақты табыстың өсуін қамтамасыз ету мен баға тұрақтылығын сақтау негізгі басымдық болып қала береді.