Қазақстан экономикасы соңғы жеті жылда жоғары қарқынмен өсті. Былтыр жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың АҚШ долларына жетті. 2018 жылы көрсеткіш 1,5 есе төмен болатын. «Бұл мемлекет жүргізіп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесі»,- дейді мамандар. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылы, құрылыс, логистика, сауда салаларының қарыштап дамуы және жаңа өндіріс орындарының ашылуы экономиканың өсуіне ықпал еткен. Шикізат өндіруден, дайын өнім шығару бағытындағы жобалар да нәтиже беріп келеді.
Балнұр Қожакелді, Экономикалық зерттеулер институтының баспасөз хатшысы:
- Жалпы ішкі өнім көлемінен бөлек, экономиканың жалпы көлемі де айтарлықтай өскен. Яғни долларлық көрсеткішпен айтар болсақ, 306 млрд долларға жетіп, 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 70, 6 пайызға өскен. Мұндай өсімге бірқатар салалар ықпал етті деп айтуға болады. Сонымен қатар елімізге инвестиция тарту, инвесторларды әкелу секілді мәселелер де осы тұрғыда жақсы әсер етті.
Елге инвестиция тарту көлемі де күрт артқан. 2019 бен 2026 жылдар аралығында Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция 155 миллиард долларға жетті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, химия, көлік, байланыс және қаржы секторына құйылған. Ірі инвесторлар қатарында Ресей, Қытай, АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Франция және Таяу Шығыс пен Азия елдері бар.