Құрылтай 2025 жылғы 15 қарашада Ташкентте жасалған екі елдің кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялады. Құжатты бүгінгі отырыста Қаржы министрі Мәди Тәкиев таныстырды. Келісімде жедел ақпарат алмасу, кеден ісіндегі ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісу, сондай-ақ құзыретті органдардың іс-қимылын үйлестіру қарастырылған. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында 8 автокөлік және 3 теміржол өткізу пункті жұмыс істейді.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
-Тиісті жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жолаушылар мен жүк және автомобиль көлігін өткізу қабілеті бірнеше есеге артты. Келісімді ратификациялау кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекетаралық өзара сауданы дамытуға ықпал ететін Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара байланысының қосымша институционалдық механизмін жасайды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс жыл сайын артып келеді. Статистикаға сәйкес, соңғы екі жылда екі елдің арасындағы тауар айналымы 8 млрд долларға жеткен. Сауда көлемінің өсуі кедендік реттеу мәселесінің өзектілігін көрсетіп отыр. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, келісім нәтижесінде бизнестің әкімшілік шығындары азаяды.