Республика күні Республика күні

Қазақстан Париждегі SIAL көрмесінде май өнімдерін ұсынды

  • 0
  • 21.10.2026, 18:46

Қазақстанның май өнімдері алғаш рет Парижде өтіп жатқан әлемдегі ең ірі азық-түлік көрмелерінің бірі SIAL алаңында таныстырылды. Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы шетелдік серіктестерге күнбағыс, зығыр, рапс және басқа да өсімдік майларын, сондай-ақ мал азығы мен қайта өңделген өнімдерді ұсынды. Еуропалық сатып алушылар экологиялық таза отын ретінде пайдаланылатын күнбағыс қауызына ерекше қызығушылық танытты. Кейінгі екі жылда Қазақстаннан Еуропалық одаққа жеткізілетін бұл өнімнің көлемі 30 есеге жуық өсіп, 33 мың тоннаға жеткен. Айта кетейік, Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ең ірі алты елдің қатарында. Ал еуропалық одаққа күнбағыс күнжарасын жеткізу бойынша алғашқы үштікте тұр. Биыл SIAL көрмесіне әлемнің 130 елінен 8 мыңға жуық өндіруші қатысып жатыр. Қазақстандық кәсіпорындар Еуропа, Азия, Африка және Америкадан келген ондаған әлеуетті сатып алушымен келіссөз жүргізді. 

Ядыкар Ибрагимов, майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы басқармасының төрағасы:

-Бүгінде Қазақстан Еуропалық Одаққа күнбағыс шротын экспорттайтын ең ірі үш елдің қатарына кіреді. Негізі біз май өнімдерін әлемнің 23 еліне экспортаймыз. Францияның осындай үлкен көрмесінде жаңа серіктестік орнатуға үмітіміз мол. Негізі Еуропа нарығында Қазақстанның май өнімдеріне сұраныс бар. 

Қазір алға қойылған мақсат – шикізатты шетелге сатумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығару. Биыл елімізде майлы дақылдар егісінің көлемі 5 миллион гектардан асты. Қазақстан 2028 жылға қарай осы саладағы экспорттан түсетін жылдық табысты бір жарым миллиард долларға жеткізуді, сондай-ақ күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ең ірі төрт мемлекет қатарына кіруді жоспарлап отыр.