Республика күні Республика күні

Сыртқы сауда: Қазақстан – Орталық Азия көшбасшысы

  • 0
  • 21.10.2026, 18:54

Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің өзара тауар айналымы биылғы 8 айда 25,6 пайызға өсті. Әсіресе экспорттың көлемі артқан. Көрші мемлекеттердің географиялық орналасуы, бір-бірінің өндірген өнімдерін әлемдік нарыққа шығуына жағдай жасап отыр. Бұдан өзге біздің ел, құрылыс саласы бойынша да өңірде көш бастап тұр.

Қазақстан мен Орталық Азия елдері бір-біріне тарихи тұрғыдан ғана емес, сауда байланысымен де жақын. Өзара тауар айналымы жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Әсіресе біздің елдің көрші төрт мемлекетпен алыс-берісі артқан. Тек биылғы 8 айда өзара тауар айналымы 6,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш бес жарым млрд. болатын. Ал экспорт көлемі 5,3 млрд. долларға жетіп, 28,5 пайызға жеткен. Импорт 1,6 млрд долларды құрап, 16,8 пайыз болды.

Тойгүл Жұбанисова, «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ресми өкілі:

- Бұл жерде көлік, әуе тасымалдары, логистика реттелген. Сондықтан тауар жеткізу ұзақ уақытты да алмайды. Қазақстан – Орталық Азияны азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттің бірі. Себебі Орталық Азияға бидай, күнбағыс майы, жалпы азық-түлік түрлерінің ең маңыздысын Қазақстаннан жеткізіледі.

Қазақстан өңірдегі ең үлкен экономикаға ие. Орталық Азия елдерінен өзге, әлем алпауыттарымен де сауда қатынасы қалыпты.

Тойгүл Жұбанисова, «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ресми өкілі:

- Енді соңғы 7 жылдың дерекетерін шолып шығатын болсақ, біздің негізгі сыртқы саудадағы серіктестеріміз бірінші кезекте Қытай, Ресей, Италия. Қазақстан Орталық Азиямен немесе көршілес елдермен шектеліп қалмай, ортада қанша айырма болса да, жол ұзақ болса да, Европа елдерімен байланысымызды арттыруға жұмыс жүргізіп жатырмыз.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНДАҒЫ РЕКОРД

Қазақстан тұрғын үй құрылысын жандандыруда да Орталық Азияда көш басында. Былтыр елде 20,3 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, биыл ол көрсеткіштен де жоғары межені меңгеру көзделіп отыр.

Дана Жақсылық, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы:

- 2024 жылы 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй берілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 20,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы 2026 жылға жоспар бойынша 20,4 млн шаршы метр жоспарлануда. Ал осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 13,2 млн шаршы метр берілген болатын. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған кезде 2,7 пайызға артық. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр қолдануға беру жоспарлануда.

Бүгінгі күні елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында бірқатар мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Нәтижесінде тек соңғы екі жылда 35 270, ал биылғы тоғыз айда 23 мыңнан астам адам баспаналы болған. Құрылыс әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қарқынды. Дегенмен қалған өңірлер де тиісті жоспарды орындап келеді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев