Қазақстанның IX жаһандық инвестициялар жөніндегі форумында 22 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен шарада жалпы құны 4,8 миллиард доллар болатын инвестициялық келісім жасалды. Тың бастамалар өңірлердің экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін бермек.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Бұл форум бұрынғылардан өзгерек. Өйткені Премьер-министрдің төрағалығымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған ауқымды жиын алғаш рет өңірде ұйымдастырылды. Шымкентке әлемнің 40 елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі арнайы келіп, шаһар нағыз инвестициялық алаңға айналды.
Пленарлық отырыстың алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірге өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика салаларындағы бірқатар жобамен танысты. Биылғы басты кездесу «Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбына арналды. Отырысты ашқан Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәлімдеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ең алдымен Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен еліміз даму жолында аса маңызды кезеңге қадам басқанын атап өткім келеді. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асты. Дәл осы бағыттағы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді.
Биыл бұл ауқымды жиынның Шымкентте өтуі мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді. Себебі шаһар – Еуразияның басты сауда ағындары мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі түйісетін стратегиялық орталық. Қазір қала экономикасы 11%-ға өсті. Соңғы үш жылда елуден астам индустриалды жоба іске қосылып, 3,5 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды. Жиын аясында қала әкімдігі мен «KOKSAN» компаниясы пластикалық бөтелкелер мен оны қайта өңдеуге арналған зауыт салу жөнінде іскерлік келісім жасасты.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Әуежайдың арнайы экономикалық аймақ құрамына енгізілуі логистика, өндіріс және халықаралық сауда салаларында жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашады. Мұның бәрі Шымкенттің өңірлік көлік-логистикалық орталық ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Қала дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Болашағымызды айқындайтын ірі жобалар қатарында жеңіл рельсті көлік жүйесін енгізу, «жасыл» энергия мен IT индустриясын дамыту бар.
Жаһандық инвестициялар бойынша форумда жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларынан асатын 22 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстанның инвестициялық климатына шетелдік серіктестердің жоғары сенімін білдіреді.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Орталық Азия немесе Еуразия аймағын алатын болсақ Қазақстандағы инвест климат ең жақсысының бірі болып саналады. Сол үшін инвесторларға өте қызық. Тұрақтылық, қауіпсіздік, кепілдік біз жақтан. Соңғы 7 жылда Қазақстанға $155 млрд тікелей инвестиция тартылды.
Форум қатысушылары инвестициялық әлеуетті арттырып, тұрақты экономиканы қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ «жасыл» экономика мен жасанды интеллектіні дамыту бағыттарына тоқталып, жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін жеткізді. Нәтижесінде инвесторлармен цифрландыру, ауыл шаруашылығы, логистика, инфрақұрылым және жаңа энергия көздерін дамыту салалары бойынша ынтымақтастық келісімдер жасасты.
Ибрахим Әл-Мансури, «Masdar» компаниясының бас операциялық директоры:
- Қазақстан жаңартылатын энергетика саласында үлкен мақсаттар қойып отыр. Әрі бұл бағытта елдің күн мен жел энергиясының әлеуеті өте жоғары. Бұл біздің компаниямыз үшін мол мүмкіндіктер ашады. Бүгінде бұл ынтымақтастық тек жоспар күйінде қалмай, нақты іске асырыла бастады. Мәселен, маусым айында біз Жамбыл облысында қуаты бір гигаватт болатын жел электр станциясының алғашқы қазығын қақтық.
Форум аясында Премьер-министр халықаралық компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесу өткізді. Онда бірлескен инвестициялық жобалар мен өңдеу өндірісін дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу және ынтымақтастықты кеңейту жолдарына ерекше назар аударылды. Үкімет басшысының жұмыс сапары «Жұлдыз» индустриалды аймағында жалғасты. Биыл керамогранит бұйымдарын шығаратын зауытта толық жобалық қуатында 13 млн текше метрге дейін өнім өндіру жоспарланған. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімнің 40%-ын ТМД елдеріне экспорттайды. Өндірісті одан әрі кеңейту көзделген.
Жәмилә Мамырова, «Wan Sheng Ceramic» зауытының өкілі:
- Жаңа жоба бойынша қазіргі Қытай құрылтайшыларымен келіссөздер жүргізілуде. Бірақ келесі жылы 2027 жылы 100% бастаймыз деген ниетте. Жалпы 32 гектар жеріміз бар. Тағы да 350 жұмыс орнымен қамтамасыз етеміз. Көрсетіліп жатқан мемлекеттік көмек өте көп. Салықтық, кедендік көмектер болып жатыр. Электр энергиясына арнайы тариф берілді.
Олжас Бектенов Шымкенттің индустриялық әлеуетімен танысып, жол сапасын жақсарту жұмыстарын тексерді. Президент тапсырмасына сәйкес, өңір экономикасын дамыту бағыттарын пысықтады. Сапар қорытындысы бойынша жауапты министрліктер мен қала әкімдігіне зауыттардың қуатын кеңейтуге қолдау көрсетіп, индустриялық аймақтардың толық жұмыс істеуін жеделдетуді жүктеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов