Қазақстанның қаржылық қоры көбейіп келеді. Соңғы бес жылда Ұлттық Банктің резервтері де, Ұлттық қордағы қаражат та артқан. Мәселен, 2020 жылдың соңында Ұлттық Банктің резервтері 35,7 миллиард доллар болса, 2025 жылдың аяғында 65,4 миллиард долларға жеткен. Яғни бес жылда шамамен 30 миллиард долларға өскен.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
– Ұлттық Банктің резервтері. Оның көлемі, қалыптасуы мен кірісі әрдайым ерекше бақылауда. Өйткені ел экономикасының жалпы жағдайы соған тікелей байланысты. Мысалы, шетелден тауар сатып алуға, халықаралық төлемдерді жүргізуге және қажет болғанда валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге – осы резервтер мүмкіндік береді. Сондықтан әрине, резерв көлемінің жеткілікті болуы – ел экономикасы үшін маңызды. Соңғы бес жылда оның көлемі 35,7 миллиардтан 65,4 миллиард долларға дейін өсті. Бұған не ықпал етті?
Жанат Нұрғалиев, экономист:
– Ұлттық банктің басқарушылық стратегиясы жақсы болып жатыр, біріншіден. Тауар бағаларының өсуіне байланысты активтер өсіп жатыр. Ол жақсы көрсеткіш. Біз көбірек алтын сатып алдық. Алтын деген активтерді көбейтіп жатыр.
Ал Ұлттық қордың валюталық активтері осы кезеңде 58,7 миллиардтан 63,9 миллиард долларға дейін өсті. Бұлай ұлғаюына сарапшылар түрлі баға беріп отыр. Ұлттық Банктің ұстанымы мынадай.
Исатай Оматай, ҚР Ұлттық Банкі департаментінің жетекші талдаушы-маманы:
– Жинақ портфеліндегі активтерді стратегиялық тұрғыда бөлу жоспары белгіленген кезең-кезеңмен іске асыруды қарастырады. Ұлттық Банк қор активін сақтауға, ұзақ мерзімді табыс алуға бағытталған инвестициялық стратегияны ұстанады.
Айтпақшы Қазақстан қазір мұнайға ғана тәуелді емес. Қаңтар-қазан айлары аралығында ел экономикасы 4,5 пайызға өсті.
Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, шикізаттық емес сектор экономикалық өсімге серпін беріп отыр.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
– Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында жоғары өсім байқалады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де оң динамика сақталуда.
Жалпы халықаралық резервтердің көбеюі – ел экономикасы үшін жақсы көрсеткіш. Бұл қаражат не үшін қажет? Мысалы, әлемдік нарықта күтпеген қиындықтар туындап, ел бюджетіне түсетін кіріс азайды делік. Осындай жағдайда Ұлттық қордағы қаражат бюджет шығындарын өтеуге көмектеседі. Яғни мемлекет маңызды әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыра алады. Мәселен, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыруға қолдау көрсетеді.
Автор: Ердәулет Ыбырайұлы