Жаңа Азаматтық кодекс болашақ экономиканың құқықтық негізіне айналуы тиіс. Оны әзірлеу қолданыстағы нормаларды жаңартудан өзге, азаматтар мен кәсіпкерлер және инвесторлар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейтін қағидаларды қайта қарауға бағытталған.
Заңгерлердің пікірінше, уақыт сынынан өтеп, өміршеңдігін дәлелдеген құқықтық тетіктерді сақтай отырып, технологиялар мен цифрлық экономиканың дамуымен байланысты туындаған олқылықтарды жою маңызды. Әсіресе электрондық мәмілелерді жасау ережелерін нақты айқындап, жасанды интеллектіні пайдалану салдарынан келген залал үшін жауапкершілікті белгілеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту қажет. Шарт еркіндігіне де ерекше мән беру жоспарланып отыр.
Салима Сарина, «Тұран» университеті Құқық жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры:
– Қазіргі таңда мүліктік және мүліктік емес қатынастар Азаматтық кодекстің нормаларымен реттелуі тиіс. Құжат бұл тұрғыдағы басты нормативтік-құқықтық акт. Бұл азаматтар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлер үшін аса маңызды.