Жыл басынан бері 10 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3 пайызға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды. Премьер-министр төрағалығымен өткен жиында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды. 9 пайыздық өсім бір қарағанда құрғақ статистика сияқты көрінуі мүмкін, бірақ оның артында үлкен күш-жігер мен қыруар еңбек жатыр. Әсілінде өнеркәсіптегі өсім бізді алдыңғы қатарлы озық елге айналдырып жіберген жоқ, бірақ соған жетудегі бағыттың дұрыс екендігін аңғартса керек.
Алғы сөзде әріптесім атап өткендей, өңдеу өнеркәсібі 9.3 пайызға өсті. Бұл дегеніміз 3 трлн теңгеге жуық өндірілген өнім. Әлбетте кез келген талдаудың көрсеткіші салыстыру десек, былтыр 10 айда 2 трлн 400 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Яғни биыл өндірілген өнім көлемі 500 млрд-қа артқанын байқаймыз.
Биылғы жылға жиыны 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол 17,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ілгеріде айтқанымыздай, әзірге олардың 125-і толық іске асты.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
– Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.
Атап өтетін жайт, аталған жобалар толық қуатына шыққан кезде, жылына шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда, отандық өндіріс неге өсім берді деген сұрақ жауапқа сұранады. Ол өндірушілерді қолдау.
Өндірушілер қолдау шараларын нақты өндіріске бағыттау үшін да тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі жасалды. Онда 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілім негізгі сатып алу алаңдарымен біріктіріліп, нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың тендерде отандық өнімге басымдық берілді.
Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі де өндірістің өсіміне үлкен серпін берді. Жыл басынан «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикаға 8,7 трлн тг бағытталған. Ал отандық қамту үлесін, яғни локализацияны тереңдету үшін жаңа – салалық кластер ұғымы енгізілуде. Ал оның тиімді тетігі – ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттар.
Офтейк дегенді қарапайым қазақ тіліне аударсақ, ертең өндірілген өнімнің сатып алынатынына кепілдік беру деген сөз. Биыл бұл ретте жалпы құны 80 млрд теңгеге жуық 75 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 42 офтейк-келісімшартқа қол қойды. Яғни отандық кәсіпорындар өнімін өткізуге кепілдік алған соң өндіріс қуатын алаңдамай кеңейтуіне болады. Сондай-ақ мұнай-газ секторында 37,7 млрд теңгеге 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айта кеткеніміз жөн.
Ауыл шаруашылығы саласында да биыл өндіріс көлемі 5,2%-ға өсіп, 9 трлн теңгеге жуықтаған. Бұл салада 300 мыңдай субъект бар десек, олардың 25 мыңы субсидиямен қамтылған. Яғни агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімге соңғы жылдары мықтап қолға алынған қолдау тетіктері ықпал етіп отырғанын айта кету керек.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Субсидия алушылардың 90%-ға жуығы шағын және орта шаруашылықтар құрайды. Бүгінгі күнде субсидия берудің ашықтығы қамтамасыз етілді. Шаруалар субсидияны берудің қай жерде тұрғанын көре алады. Шаруалардың жеңілдетілген кредит беру көлемі же артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл шаруаларға қажетті ресурстарды уақтылы сатып алып, дала жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді.
Отандық өндірісті қолдаудың ең басты саясатын сайып келгенде, экономиканы орнықты дамыту, отандық бизнестің өрісін ашу, жұмыс орындары мен импорт алмастыру деп түсінуімізге болады. Бұл ретте Үкімет басшысы үзілді-кесілді мәлімдеме жасады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, ол ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол – мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек.