Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қызылорда облысына ₸730,5 млрд инвестиция тартылды

  • 2
  • 18.11.2026, 18:10

Қызылорда облысына биылғы он айда 730,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша елде алдыңғы қатарға шықты. Облыс экономикасының шикізатқа тәуелділігі де біртіндеп азайып келеді. Қазір энергетика, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс индустриясына басымдық беріліп отыр.

Өңір экономикасының негізгі тірегі мұнай өндіру саласы еді. Қазір облыста өңдеу өнеркәсібі дамып, инфрақұрылым жаңарып келеді. Соның бір мысалы – қуаты 240 мегаватт болатын жаңа жылу электр орталығы. Шетелдік инвестор оның құрылысына 215 млрд теңге салған. Станция іске қосылғалы өңірде электр энергиясының тапшылығы жойылып, жаңа өндіріс орындарын ашуға да мүмкіндік туды.

Медет Усаин, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

– Бұл станция қосылғанға дейін Қызылорда облысының жалпы қажеттіліктің 30 пайызын ғана өзімізде өндірсек, қалған 70 пайызын сыртқы электр энергия көздерінен сатып алып, қамтамасыз етіп отырдық. Бүгінгі таңда жылу электр орталығы осы қажетті электр энергия көлемін толықтай қамтамасыз етіп отыр. Алдағы екі жылда қосымша 7 күн электр станциясы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз.

Өңір экономикасының өркендеуіне агроөнеркәсіп кешені де серпін беруде. Елдің басты күрішті аймағы саналатын Сыр өңірі шикізатты экспорттау көлемін азайтып, оны терең өңдеуге көшіп жатыр. Шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын енгізіп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындар салуда. Соның бірі – Сырдария ауданындағы жүгеріні тазарту, кептіру және сақтау кешені. Бұл кәсіпорын болашақ крахмал-сірне зауытының бір бөлігі болмақ. Зауыттың қуаты 150 мың тонна дән өңдеуге жетеді. Мұнда крахмал, сірне, шәрбат және мал азығы өндіріледі. Сондай-ақ 550 адам жұмыспен қамтылады.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы қабылданған болатын. Жол картаға сәйкес, 2026 жылы жалпы құны 24 млрд құрайтын 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бағытталған болатын. Бүгінде сол жобалардың төртеуі қосылды. 4-еуін жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұрынғы жылдары небәрі мың гектардай ғана жүгері егілетін болса, үстіміздегі жылы біз оны 11 мың гектарға жеткіздік.

Болашақта өңірде қызанақ өңдейтін, өсімдік майы мен құрамажем өндіретін зауыттар ашылады. Бұл кәсіпорындар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорт көлемін ұлғайтады. Қазір облыста құрылыс та қарқын алған. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы жергілікті өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Азамат Қаюпов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 10 айда өңірге 730,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ол былтырғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 1,9 пайызға артты. Қазіргі таңда облыста 27 жоба 100 млрд теңгеге жүзеге асыру жоспарлануда. Оның 17-сі іске қосылса, тағы 9-ы жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Былтырғы жылы Үкіметтің қолдауымен «Қорқыт ата» арнайы жкономикалық аймағы құрылды.

Қызылорда облысында инвестиция тарту қарқыны жоғары. 2029 жылға дейін өңірде жалпы құны екі триллион теңгеге жуықтайтын 48 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Жаңа кәсіпорындар өңір экономикасын әртараптандырып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға серпін береді.

Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев