Бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық саясатын жетілдіру. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берді. «Кәсіпкерлерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңаржақ тұстарын алып тастау қажет», – деді. Жаңа Салық Кодексінің енгізілуімен шағын және орта бизнес өкілдері қандай қиындықтарға тап болды? Олар қандай өзгерістер енгізуді сұрайды?
Сарыкөл ауылында тұратын кәсіпкер Ольга Буряк он жылдан артық шұжық өндірісімен айналысады. Мемлекеттік бағдарлама арқасында биыл тұшпара сияқты жартылай дайын өнім шығаратын жаңа желіні іске қосқан. Алдағы уақытта тез әзірленетін сорпа өндірісін қолға алсақ деген жоспары бар. Осылайша өндірісті әртараптандыру арқылы нарықтағы ауытқуларға қарсы тұрып бағуда. Алайда бәсекелестікке төтеп беру қиынға соғып тұр. «Оған біріншіден, логистиканың әлсіздігі себеп болса, екіншіден, жаңа Салық Кодексіндегі қосымша жүктемелер салмақ салып тұр», – дейді кәсіпкер.
Ольга Буряк, кәсіпкер:
– Біз сегіз ай жалпыға бірдей белгіленген салық режимімен жұмыс істедік. Бірақ ол тиімсіз болды. Өнім құнына 20 процент үстеме ақы қосу – біз үшін көтере алмас ауыр жүк. Сондықтан оңайлатылған салық режиміне көштік. Оның да бір түйткілі бар. Біздің өнімді енді ірі сауда орындары алғысы келмейді. Олар 16 процент қосымша құн салығын төлеуден қашады.
Ольга Буряк Президенттің өз Жолдауында салық саясатын жетілдіріп, кәсіпкерлерге өнімдерін өткізуге жағдай жасау керек деген міндеттері көңілінен шыққанын айтады. Қазір бизнес қауымдастығы осы бағытта ұсыныс пікірлерін дайындап жатыр.
Наталья Лапшина, кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестің төрағасы:
– Бизнес алдындағы мәселелерді көтере отырып, салық заңдылығын өзгертуге қатысты бірнеше ұсыныс дайындадық. Қосарланған салық жүйесін, қосымша салық жүктемесін қайта қарауды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ оңайлатылған режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің шығын шегеріміне салынған тыйымды алып тастауды сұраймыз.
Президент атап өткендей, жаңа Салық Кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде жаңғыртуға негіз қалады. Әрине, ауқымды реформа жолында түрлі мәселелер туындары хақ. Бірақ қалай десек те, сала мамандарының айтуынша, жаңа кодекс салық жүйесін ашық етіп, бизнестің дамуына жол ашты. «Оған биылғы көрсеткіштер дәлел», – дейді.
Ділнәз Өмірбекова, Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы:
– Қостанай облысында 87 мың 200 шағын және орта бизнес субектілері бар. Былтырғы жылға қарағанда 16 мыңға көбейді. Жаңа Салық Кодексінің ерекшеліктерін айтып кететін болсам, бұрын 7 салық режимі қолданылған. Қазіргі таңда 3 салық режимге дейін қысқартылды және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар салық төлемейді.
Биылғы жылдың 9 айының қорытындысында Қостанай облысында бюджетке салық түсімі 47,4 миллиард теңгеге өскен. Бұл өткен жылға қарағанда, 15 пайызға көп.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг