Сарапшылар: қазақстандық адам капиталын үш тұрғыдан дамыту керек
Яғни қоғамда қордаланған мәселелерді шешіп, халықтың әл-ауқатын жақсартқан жөн. «Жаңғыру ұғымына сонда ғана бір табан жақындаймыз», – дейді сарапшылар. Өткен жылы Тұңғыш Президент қорының тапсырмасымен қазақстандық сарапшылар тобы модернизациялау мәселесін зерттеуге кіріскен. Бүгін олар жүйелік реформаларға қатысты ұсыныс тілектерін жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық адам капиталын үш тұрғыдан дамыту керек: технологияны меңгеруге жол ашу, көшбасшылық қасиетті дамыту және креативті ойлауға бейімдеу. Бұл үшеуі де жаңғырудың кепілі бола алады.
Жанат Мырзабеков, Әлемдік экономика және саясат институты директорының орынбасары:
- Зерттеулеріміз 5 бағыт бойынша жүргізілген. Олар адами капитал, мемлекет және қоғамдық қарым қатынастар, экономиканың даму полюстары, аймақтық және кеңістіктік даму және макроэкономикалық мәселелер. Әлі күнге дейін адами капиталымыз экономикалық ресурс ретінде қаралған. Біздің ойымызша, адами капиталға тек қана білім мен денсаулық емес, сонымен қатар дұрыс құндылықтарды енгізу қажет.