Индустрияландыру картасы бойынша 70 жоба жүзеге асты
Мәселен, 2009 жылдан бері жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 3,5 есе артты. Ал металлургиядағы өсім 5 есе көбейді. Дегенмен қазір 7 жоба тұралап тұр. Себептері де әртүрлі: бастысы – әлем нарығының әлсіреуі.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – 2009 жылы болған дағдарысқа қарсы жауап. Өткен екіжылдыққа экономиканың кенжелеп қалған түрлі секторын дамыту үшін мемлекет ілкімді іс атқарды. Басты мақсат – алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалату, яғни қолда бар шикізаттан дайын өнім әзірлеу.
Олжас Әлібеков, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Индустрияландыру жылдары, яғни 2010-2019 жылдар аралығында 8,2 трлн теңгеге 1 300 жоба жүзеге асырылды. 200 мың адамға жұмыс орны құрылды. Алғашқы бесжылдықта 3 трлн теңгеге шамамен 770 жоба, келесі бесжылдықта 5,2 трлн теңгеге 550 жоба жүзеге асырылды. Екінші бесжылдықта 80 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Мемлекеттік бағдарламаның арқасында дағдарыстан шыға білген зауыттардың бірі – Талдықорғандағы аккумулятор зауыты. Тоқыраудың алдында тұрған кәсіпорынды қайта аяғына тұрғызу үшін Үкімет 2,5 млрд теңге қаржы салған. Енді зауыт «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының арқасында жылына 3 млн аккумулятор батареясын шығаратын деңгейге жетті. Қазіргі таңда өз өнімдерін көршілес Қытай Халық Республикасына бірнеше рет экспорттап үлгерді. Қиыр Шығысқа шығу жоспары да бар.
Бақытгүл Күдеринова, зауыттың қаржылық директоры:
- Қазақстанның қорғасынды толық аккумуляторға аудару мүмкіншілігі бар. Бұл – алдымызда тұрған жоспар. 10 млн аккумулятор шығарсақ, біздің жұмысшыларымыз да 2,5-3 есе көбейеді деп ойлаймыз.
Жалпы индустрияландыру картасына сәйкес Алматы облысында 70-ке жуық ірі жоба жүзеге асты. Ал биыл елімізде жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге жететін 160 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде агроөнеркәсіпте 50, металлургияда 20, құрылыс саласында 40, машинажасауда 12, жеңіл өнеркәсіп, фарминдустрия салаларында 5 және химия өнеркәсібінде 10 жоба жоспарланған. «Мұның нәтижесінде 17 мың тұрақты жұмыс орны құрылады», – дейді жауаптылар.
Олжас Әлібеков, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Осы екі бесжылдықтың тәжірибесіне қарай отырып үшінші бесжылдыққа қажетті міндеттер қойдық. Жаңа макродеңгейден микродеңгейге түстік. Оның алдындағы салаға қарайтын болсақ, қазір әр өнеркәсіпті қалай экспортқа шығару қажеттігі шешілуде. Біз әр өнеркәсіппен тікелей жұмыс істейміз.
Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында түрлі кәсіпорындар өткен 10 жыл ішінде ашылды.
Тұрар Жолмағанбетов, «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз әлі күнге дейін тәуелдіміз ғой деген сын айтылады. Кореямен де салыстырып жататын жағдайлар кездеседі. Оларда жоғары технологиялар бар. Олар бұл жетістікке бірнеше жыл жұмсады. Осыны түсіну керек. Индустрияландыру бағдарламасы дегеніміз спринт емес, бұл – марафон. Ол – ұзақ мерзімді, тиянақты, басымды жұмыс.
Енді спринтте жарыспай, индустрияландыру марафонындағы әуселеміз қандай екендігін 42 жылдан кейін байқармыз. Марафон қашықтығы осындай.
Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев