Атыраудың энергетика өнеркәсібі жаңа қуат көздерімен толыға бастады
Қазір онда 474 мегаватт электр қуаты өндіріледі. Энергетиктер қуат көзін табиғи газдан алатын жаңа бағдарламаны қолға алған. «Бұл экономикалық жағынан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді», – дейді мамандар.
Атырау жылу энергия орталығының іргетасы 1963 жылы қаланған. Ол кезде 2 турба агрегат бар болғаны 24 мегаватт қуат өндіретін. Мұнда бүгінде 474 мегаватт электр энергиясы өндіріледі. Орталық облыс орталығы мен 7 ауданның электр энергиясына деген сұранысын артығымен өтеп отыр.
Нұрлан Айтәлиев, АЖЭО Өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:
– Бүгінде 11 жылу қазандығы мен 8 турбиналық агрегат жұмыс істеп тұр. Олар 275 мегаватт электр қуатын өндіреді. Облыстың сұранысы шамамен – 215 мегаватт. Сондықтан 3 турбинаны резевте ұстап отырамыз. Егер апатты жағдай бола қалса, қосымша 80 мегаватт өндіруге мүмкіндік бар.
Арыстанбек Кенже, тілші:
– Мұнайлы өңірдің электр энергиясына деген сұранысы артқан сайын, өндіріс те қуатын көбейтіп келеді. Бұл көріп тұрғандарыңыз – кезекті 13-ші бу қазандығы. Ол қондырғы алдағы сәуір айында іске қосылуы тиіс. Сол кезде қазіргі өндірілетін қуатқа қосымша тағы да 60 мегаватт энергия өндірілетін болады.
Бұған дейін мұндағы бу қазандықтарына сұйық отын жағып келген болатын. Ескі технология экономикалық жағынан да, экологиялық тұрғыдан да тиімсіз болды. Енді біртіндеп табиғи газден қуат өндіру жобасы қолға алына бастады. Былтыр қуаты 60 мегаваттық газ турбинасы іске қосылды. Бұл өндіріс үшін қанатқақты жоба болғанымен, нәтижесі жаман емес.
Алмат Құлбаев, Газ турбиналық қондырғының меңгерушісі:
– Бұл қондырғы экологиялық жағынан тиімді. Және технологиялық жағынан бумен істейтін турбинаға қарағанда газ тіке турбинаға беріліп, электр энергиясын өндіреді. Бұл жаңа технологиялық жобаға жатады.
Соңғы 15 жылда жылу энергия орталығы 3 мәрте қайта жарақтандырудан өткізілді. Қазір мұндағы бумен жұмыс істейтін турбиналардың өзі талапқа сай жұмыс істеп келеді. Өндірілген будан электр қуаты алынса, ыстық су қаланың жылу жүйесіне пайдаланылады.
Жұмахмет Елемесов, АЖЖ Диспетчерлік қызметінің директоры:
– Қазіргі уақытта қала бойынша 1003 көпқабатты үй жылу алып тұр. Және 300-ге жуық әлеуметтік нысан бар. Желтоқсан айында ауа райының күрт төмендеуіне байланысты түнгі уақытта -18 градусқа дейін төмендеп тұр. Соған байланысты жылу беруді көбейтіп жатырмыз.
Өндірісті өңірде электр энергиясына деген сұраныстың артуына орай энергетиктер жаңа қуат көздерін қарастыруда. Бүгінде Исатай ауданында желден электр қуатын өндіретін стансаның құрылысы аяқталуға таяу. Сондай-ақ Жылыой ауданында қуаты 200 мегаватт болатын газ турбинасының жобасы дайын.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев