Биыл елдегі инфляция көрсеткіші 10,8% құрады
Былтырғы жылдың осы мерзімімен және өткен аймен салыстырғанда инфляция төмен. Ақшаның құнсыздануының баяулағаны азық-түлік пен тауар бағасына қалай әсер етті? Сала мамандары мен сарапшылар баға нарқын қалай бағамдап отыр?
Инфляция дегеніміз не? Әңгіменің әлқиссасын әуелі осы ұғымның өзінен бастайықшы. Бұл тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақты өсуі деген мағынаны білдіреді. Бірақ ішінара кейбірінің бағасы салыстырмалы түрде төмендеуі де мүмкін. Өзгеріссіз де қалып жататыны бар. Дей тұрғанымен баға өсе береді. Ал енді инфляция бәсеңдеді дегенді қарапайым мысалмен түсіндірсек. Мәселен мына нан былтыр 20% қымбаттаса, биыл ол 10% ғана өсті деген сөз.
Биыл 10 айдың қортындысы бойынша Ұлттық Статистика бюросы келтірген сандар мынадай. Жылдық инфляция 10.8% құрады. 2022 жылы ол 20% жуық болатын. Биыл азық-түлік 10.4% қымбаттаса, азық-түліктік емес өнімдер бағасының өсімі 11% асты. Ақылы қызметтер де 11% қымбаттап отыр.
Мақсат Халық, экономист:
-Инфляция 0 болған кезде ғана ешқандай тауардың бағасы қымбаттамады, өспеді деп айтуға болады. Қазіргі кездің өзінде 2 таңбалы инфляция, бұл да қарқынды инфляция деп қабылданады. Былтырмен салыстырғанда бәсеңдеген, бірақ әлі де екі таңбалы инфляция, 10% үстінде әлі де қымбатшылық сақталып отыр дегенді білдіреді.
Мәжіліс депутаттары жыл басынан бері қымбаттау тоқтамағанын мәлімдеп, басты себептермен оларға тосқауыл бола алатын шешімдер бар екенін атап өтті.
Нұртай Сәбилянов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Нан, күріш, ет, жұмыртқа, сүт, айран май басқа да товарларға азық-түлік қарқынды өсті. Өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбекте бағаны бірыңғай бақылау. Екіншіден өнімді өткізу кезінде артық делдалдық қызметтерді қоспай рәсімдеу. Делдалдар көп бізде. Оларды азайтуымыз керек. Қазір заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр.
Баға қымбаттамасын десең делдалдарды тый. Заңдарға өзгеріс енгенше уақыт керек, десе де Үкімет мыңға жуық пайдасыз алыпсатар анықталғанын, оның сыртында биылғы инфляция екі есеге жуық төмендегенін ай бұрын айтып тастаған еді. «Бұл жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық банк тізе қоса отырып қолға алған шаралардың жемісі» деген Әлихан Асханұлы мұнымен тоқтамайтынын атап өткен.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Біз орта мерзімді перспективада инфляция деңгейін тағы да екі есеге дейін төмендету міндетін тағып отырмыз. Яғни 5% дейін. 26 жылы 5% дейін.
Әлбетте әлемдік ахуалды ескерсек бұл міндетті орындау оңай болмайтыны анық. Оны Үкімет басының өзі сақтықпен сөйлеп аңғартты.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Самат Сүлейманов