Сингапурдың елімізге құйған инвестиция көлемі артты
Елімізге Сингапурдың шетелдік капиталарды тарту тәжірибесі енгізілмек. Сенат Қазақстан мен Сингапур арасындағы инвестициялар жөніндегі құжатты мақұлдады.
Мәселен, Сингапурда елге инвестиция тарту үшін мол мүмкіндік жасалған. Яғни мұнда көлемді кәсіп бастап, қаражат құятын шетелдік компанияларға шектеу жоқ. Сенат депутаттарының айтуынша, мақұлданған құжат ұлттық заңнама мен халықаралық қауіпсіздікті қатар қамтамасыз етеді. Әрі қос ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыта түседі.
Айта кету керек, Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициялары 1,4 млрд доллардан асты.
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстан мен Сингапур Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім екі елдің бір-біріне әділ және тең құқылы инвестициялық режимді өзара ұсынуына бағытталған. Аталған келісім екіжақты тығыз экономикалық ынтымақтастық үшін, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Сонымен қатар Сенат депутаттары Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы инвестициялық келісім туралы заңды мақұлдады. Келісім қос тараптың экономикалық байланысын арттырады. Қазір де екі елдің ұлттық компаниялары мен жеке секторлары арасындағы байланыс нығайып, сауда-саттық артқан. Қазір Қазақстан мен Қатар арасында жобалардың құны 1,3 млрд долларды құраған.