Хабар телеарнасы

Салықтан жалтарғандар жазаланады

Енді экспортқа шығарған тауарын әдейі арзан бағамен көрсетіп, салықтан жалтарғандар жазаланады. Мамандар бүгін Сенатта мақұлданған заң жобасы осындай тетіктерімен бюджетке түсетін салықты көбейтеді деп үміттенеді. Құзырлы министрліктің дерегінше, осындай қитұрқылықтың кесірінен қазына салық түрінде жүздеген миллиард теңгеден қағылып отыр. Сарапшылардың айтуынша, кәсіпкерлер мейлінше аз салық төлеу үшін құжатта тауар құнын қасақана төмендетеді. Ал бүгіп қалған қаржысын делдал компаниялар арқылы жасырын алады. Жаңа өзгеріс бойынша мемлекетік органдар тауардың нарықтағы нақты құнын негізге алып, орташа бағаны анықтайды. Кәсіпкер салықты сол бойынша төлеуге міндеттеледі.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

-Мониторинг жүргізу барысында соңғы 5 жыл ішінде 160 млрд теңге қосымша өндіріп алдық. Жаңа өзгерістер қабылданса, осы суммадан кем емес қосымша салық түседі деп болжап отырмыз.