Қазақстан Ауғанстанға отандық автокөліктерді экспорттауға мүдделі
Қазақстан делегациясының Ауғанстанға ресми сапары жалғасуда.
Қабулға елімізден 35 компания барды. Ауыл шаруашылығы техникасы, медициналық дәрі-дәрмек, май мен кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауарлар көрмеге қойылды.
Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, екіжақты тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін арттыру көзделіп отыр. Ауған кәсіпкерлерінің арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әлі де жоғары.
Бизнес-форум нәтижесінде құны 12 млн АҚШ долларынан асатын келісімдер қол қойылды. Біздің ел күнбағыс майы, дәнді дақылдар мен ұн жіберуге мүдделі. Сондай-ақ автокөліктерді экспорттауға дайын.
Оған қоса екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық артады. Ауғанстан жастарының Қазақстанда жоғары білім алуы үшін берілетін грант санын 30-дан 60-қа дейін жеткізу көзделген.