Су басқан өңірлердің басым бөлігінде тасқынның қаупі сейілген
Су басқан өңірлердің басым бөлігінде тасқынның қаупі сейілген. Дегенмен Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны салдарын жою жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Қазір су астында қалған тұрғын үйлердің саны 5 мыңнан, ал аула саны 1 мыңнан асады. Қазірге дейін 35 мыңнан астам тұрғын өз үйлеріне оралған. 8 мың 520 адам уақытша орналастыру бекеттерінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тасқыннан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі дерек бойынша 12 мыңнан астам отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Ол үшін 4,5 млрд теңге бөлінген. Су басқан өңірлерде құрылған арнайы комиссияға 21 мыңнан аса өтінім түскен. 3 мың 800-ден аса қираған баспана тексеріліп, 2 230 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді.
Соңғы дерек бойынша 468 үйді жөндеу жұмыстары үшін 645 млн теңге қаражат бөлінген. Қазірге дейін Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасыға баспана берілді.
Асқар Шәріп, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
- Атырау облысында Жайық өзенінің мониторингі жалғасуда, судың деңгейі көтерілгені байқалады. Су тасқынынан қорғау мақсатында Атырау қаласында бөгеттерді нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ұзындығы 240 км қорғаныс бөгеттерін нығайту жүргізілді. Бұған дейін көмекке келген күштер мен құралдар учаскелерге бөлініп, қажетті жұмыстарды атқаруда.
Елімізде су жаңа 20 су қоймасы салынады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі хабарлады. Айтуынша, бөгеттері 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алады. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Ал 8-інің құрылысы бойынша сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы Кеңсай-Қосқорған-2 су бөгеті пайдалануға берілді. Сол өңірдегі Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталып, Қарақуыстың құрылысы бойынша жоба іске асырылып жатыр. Барлық су қоймасы пайдалануға берілсе, суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік туады. Одан бөлек, 137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді су басу қаупі сейіледі.