Хабар телеарнасы

Қазақстанда дефолт болмайды – министр

Доллар тағы қымбаттады. Бүгін айырбастау орындарында АҚШ валютасының құны 536 теңгеге жетті. Бірақ Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров: Қазақстанда дефолт болмайды. Үкіметте қажет резерв бар. Елдің қаржылық жағдайы тұрақты, - дейді.

Айтуынша, ұлттық валютаның құнсыздануына доллар индексінің жаһандық нығаюы, мұнай бағасының төмендеуі мен Ресей рублінің әлсіреуі себеп болған. Бұл қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына кері әсер етпеуі үшін қолдан келер барлық шара жасалады. Ал импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында Үкімет агроөнеркәсіп кешені мен өндірістік саладағы жобаларға қолдау білдіреді.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Бағалардың төмендеуі жалғасатын болса, онда тиісінше республикалық бюджеттің параметрлері де қайта қаралатын болады. Қандай шығыстарды азайтатынымызды сол кезде қарастырамыз. Бірақ әлеуметтік салаға әсері тимейді деп ойлаймын.