«Нұрлы жол» көпірі арқылы күніне 8 мыңнан астам көлік қатынайды
Осы уақыт аралығында индустриалды аймақтың инфрақұрылымдық және көліктік-логистикалық әлеуеті артты. Бүгінде ірі өткел арқылы тәулігіне орташа есеппен 240 мың тонна транзиттік жүк тасымалданады. Транзиттік көліктер үшін кедергісіз жол ашылып, Павлодар көшелері ауыр жүк көліктерінен арылды.
36 жастағы Серік Қанафин – Павлодардың іргесіндегі Кенжекөл ауылының тұрғыны. «Нұрлы жол» көпірі қолданысқа берілген сәтте шағын дүкенін ашып, саудасын қыздырған.
Серік Қанафин, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
- Жаңа нысанның шарапатын көрген жайымыз бар. Ең бастысы тұрақты сатып алушыларымыз көбейді. Ақсу мен Павлодар қалаларының арасындағы жол қысқарды. Шағын шаһардың өркендеуіне де сеп болды. Қуаныштымын.
Көпір құрылысымен отандық және шетелдік мамандар төрт жыл бойы қақаған қыс пен аптап ыстықта тынымсыз жұмыс істеді. Еңбектің нәтижесі орасан. 12,5 шақырымдық нысанның басы-қасында жүрген мамандар бұл жобаны айтулы жетістікке балайды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Орталық Азиядағы ең ірі көпір экономикалық тиімділігін дәлелдеді. Ең бастысы транзиттік көлік үшін жол 40 шақырымға қысқарды. «Ғасыр жобасы» атанған өткелдің арқасында көлік иелері еліміздің орталық және шығыс өңірлеріне кедергісіз жетуге мүмкіндік алды.
Ақшамен есептегенде, бір жүк көлік жүргізушісі жанар-жағармайдың қаржысын 10 мың теңгеге үнемдейді. «Орталық – Шығыс» күре жолын, яғни, «Астана – Павлодар» және «Павлодар – Өскемен» жолдарын түйістіретін нысанның тәуліктік қуаттылығы 10 мыңнан астам көлікке жетеді. Швейцариялық технологиямен салынған көпірдің жағдайы мінсіз. Сапасы тұрақты бақылауда.
Ақылбек Қабылдин, «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Қазіргі уақытта «Астана – Павлодар» жолын бітіріп, осы жылы «Павлодар – Семей» бар. Осы көпір негізінен «Нұрлы жол» бағдарламасына кіреді. Астана, Павлодар, Семей, Өскемен жолының бойында орналасқан. Осы көпірде бейнебақылау орналасқан. Әр айда, тоқсан сайын, жарты жылда тексеру жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Екі жыл ішінде Ресей мен Қытайға шығатын көлік дəлізіне айналды. Осылайша ғасыр жобасы бір облыстың ғана емес, тұтас елдің көлік қатынасы дамуының жаңа кезеңінің бастамасы болды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий