Отандық автомобильдерге сұраныс артып келеді
Тек ішкі нарыққа ғана емес, жеңіл көліктерге Ресей, Тәжікстан мен Белорусь елдерінен де сұраныс бар. Бұл туралы бүгін өткен жылға есеп берген Қазақстанның автобизнес қауымдастығының өкілдері айтты.
Енді мамандар отандық автомобиль саудасының үлесін тағы көбейтуді ойластырып отыр. Жеңіл көліктерді ғана емес, автобустар мен жүк көліктерінің де санын көбейтпек.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Былтыр қазақстандықтар 60 мың автомобиль сатып алған. Оның тең жартысы өзімізде құрастырылған көліктер. Ал шетелден келетін маркалардың көшін жапондық көлік бастап тұр. Оны әрбір алтыншы қазақстандық мініп жүр. Одан кейін ресейлік авто, үшінші немістің көлігі. Енді осы қатарға қазақстандық автомарка да қосылады.
Бұл – Үкіметтің тапсырмасы. Алайда қазір қазақстандық марканың нақты үлгісі мен атауы бекітілген жоқ. Қытайлық компания инвестиция құюға дайын.
Андрей Лаврентьев, Қазақстанның автобизнес қауымдастығының президенті:
- Қазіргі кезде осы мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз. Мәселен, қытайлық компания қазақстандық брендті жасап шығуға мүдделі. Соған қаржы құюға да дайын. Осы саладағы жұмыс нақты қай уақытта аяқталатынын айта алмаймын. Дегенмен тапсырма бар. Үкімет те нақты міндет қойды. Ең бастысы инвесторлар тарапынан қызығушылық бар.
Осыған қатысты ресми ақпар: былтыр елімізде 1 млн 94 106 көлік құралы тіркеліпті. Ең көп көлік Алматы облысында, одан кейін Түркістан облысында тіркелген, үшінші орында Алматы қаласы.
Анар Мақашева, Қазақстанның автобизнес қауымдастығының вице-президенті:
- Ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы аясында қазақстандықтар 90 мың ескі көлікті тапсырып, жаңасын сатып алды. «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» операторы ескі көлік үшін ақша не болмаса ақшалай куәлік береді. Сол куәліктің ақшасын салоннан су жаңа көлік алғанда пайдалана аласыз. Бір адам екі куәліктің ақшасына бір жаңа автомобиль сатып ала алады. Бұдан бөлек, 4 пайыздық автонесие де бар.
Отандық автокөліктердің көшін қостанайлық «автопром» бастап тұр. Былтыр 12 009 дана автомобиль құрастырған. Ал жалпы еліміз бойынша 32 300 қазақстандық көлік сатылыпты. Бұл – былтыр бір жылда сатылған 60 мың машинаның 55%-ы. Ал биыл мамандар елімізде 70 мың автомобиль сатылады деп болжап отыр. Бұл жолы да жартысынан көбі отандық көліктер болмақ. Өйткені сұраныс көп.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Аманжол Байғазин