Елімізде жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ басталды
Ақылы тест тапсыру үшін қанша қаржы төлеу қажет? Шекті ұпай жинай алмағандарға тағы мүмкіндік беріледі ме?
Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:
- Биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсыруға болады. Қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында. Тест ақылы, 2 242 теңге. Емтихан тапсыруға 36 мыңдай өтініш түскен. 25 615-і қазақ тілінде, қалғаны ағылшын және орыс тілдерінде.
Ел аумағы бойынша сынақ өткізілетін аудиториялардың барлығына ұялы байланысты бұғаттайтын құралдар мен бейнебақылау камералары орнатылған. Аймақтарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің 309 өкілі жіберіліп, апелляциялық комиссиялар құрылды. Тестілеу 74 нысанда өттіп жатыр.
Әділет Тойбаев, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:
- Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің сертификаттары абитуриенттерге жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне түсуге мүмкіндік береді. Ал егер талапкер мемлекеттік грант иеленгісі келсе, онда міндетті түрде маусымда өтетін ҰБТ-ға қатысуы керек.
Алматыда үміткерлер кешенді тестті 4 жоғары оқу орнының қабырғасында тапсырды. 3 462 мектеп бітіруші сынақ тапсыруға өтініш берген. Жоғары ұпай – 120. Үміткер 50 ұпай жинай алмаса, келесі кешенді тестке дайындалады. Яғни сүрінгендерге наурыз, маусым, тамыз айларында бақтарын қайта сынауға рұқсат беріледі.
Жандос Құмғанбаев, Ұлттық тестілеу орталығының филиал басшысы:
- Қаңтар айындағы тестке 11, 12-сынып оқушыларымен қоса шартты түрде қабылданған талапкерлер және шығармашылық емтихан таңдап, ол мамандықты оқымаймын дейтін талапкерлеріміз таңдау пәнді тапсырып, тестке қатысып жатыр. Ал наурыз, тамыз, маусым айларында өтетін тестілеуге тек қана 11, 12-сынып бітіруші түлектер ғана қатысады.
Ал Атырауда ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріген 2 060 талапкердің алғашқы легі сынаққа жіберілді. Тестілеу әдеттегідей 5 пән бойынша. Оның үшеуі міндетті, екеуін таңдауға болады.
Айнагүл Дүйсекенова, Ұлттық тестілеу орталығының облыстық филиал басшысы:
- Мектеп бітіруші түлектерден бөлек ЖОО-да шығармашылық мамандыққа оқып жатқан стунденттер егер басқа мамандыққа ауысқысы келсе, тестілеуге қатысу арқылы ауыса алады.
Қарағанды облысында биыл 7 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Соның 2 мыңға жуығы алғашқы емтиханды тапсыруға ниет білдірген.
Медғат Мұсаев, Қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:
- Бірінші күні 356 түлек тапсырса, екінші күні 500 түлек ҰБТ тапсырады. Жалпы университетте барлық жағдай жасалған. 12 аудиторияға камера орнатылған. Ата-аналарға баласы қалай тапсырып жатқанын еркін бақылай алатын арнайы аудиториялар бөлінген.
Жалпы сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Бастама жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілген. Сынақ 20 қаңтарға дейін жалғасады. Алғашқы күні 9 мың түлек тест тапсырды.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Айбын Құсанбек