Медицина саласына қажет жоғары өткізгіш сымдар енді өзімізде өндіріледі
Медицина саласына қажет жоғары өткізгіш сымдар енді өзімізде өндіріледі. Отандық ғалымдар қаржылай қолдау болса, жоғары өткізгіш сымдарды өндірістік деңгейде шығаруға да дайын.
Техникалық университеттің ғалымдары магнитті-резонансты томографияға қажет жоғарғы өткізгіш сымды сынақтан өткізудің соңғы кезеңіне жетті. Медицина саласында қолданылатын құрылғыға қажет сым Қазақстанда әзірше өндіріле қойған жоқ. Жоғары өткізгіш сым жергілікті металлургиялық зауытта қорытылған титан және ниоби металдарынан жасалды. Қазір сымның бұл түрі барлық параметр бойынша техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Өскеменде жасалған сымның сапасын жапондық мамандар жоғары бағалады.
Тсубой Хироказу, кәсіпкер /Жапония/:
- Біз осы жерде өндірілген сымды толық тексеріп шықтық. Халықаралық барлық стандартқа сай екеніне көзіміз жетті. Техникалық тұрғыда аздаған жетілдіретін тұстары бар. Бірақ ол – ұсақ-түйек дүниелер.
Рентген құрылғыларына қажет жоғары өткізгіш сымды көптеп өндіруге әзірше мүмкіндік жоқ. Жобаға өте көп қаржы керек. Ең негізгісі қажет материал алатын металлургиялық зауытты толық жарақтауды талап етеді.
Алексей Цораев, Тантал өндірісінің директоры:
- Біздің есебіміз бойынша кем дегенде 5-7 млн доллар инвестиция қажет. Ал қаржы табылған жағдайда біз 3-4 жылда толық өндірісті аяғынан тұрғызамыз. Сол кезде ғана жоба өзін-өзі ақтайды.
Дегенмен металлургияның жаңа саласы бойынша жұмыс істейтін мамандар қазірдің өзінде дайындалып жатыр.
Олег Гавриленко, Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің проректоры:
- Бізде қазіргі заманға сай технологиямен жабдықталған металтану және зерттеу орталығы бар. Соның базасында мамандарды даярлайды. Нәтижесінде жаңа технология бойынша өнім шығаруға болады.
Жоғары өткізгіш сымды іске асырған ғалымдар инновациялық тағы 9 жоба жасаған. Ол жобаларды ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, 2 млрд 700 млн теңгенің грантын бөлген. Енді ғалымдар сол ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин