Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мектебі ашылды
Енді 400-ден астам шәкірттің тұрақты түрде дайындалуына жол ашық. Жас мөлшері мен топқа бөлу жоқ. Онда кез келген мүмкіндігі шектеулі жан барып, жаттыға алады. 17 спорт түрі бойынша нұсқаушы бар. Бастысы барлық қызмет тегін.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Алып қала Астанада 24 мың мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Былай қарасаң, әдеттегі шағын қала халқының санымен бірдей. Осыншама жан үшін елордада спорт кешеніне кіру тегін түрде қолжетімді болып отыр.
Би, күрес, шахмат, ауыр атлетика, бас-аяғы 17 спорт түрі. Мұның бәрі паралимпиадалық жаттығу орталығының осы базасында орналасқан. Жаңа мектептегі қай топты алмаңыз, қазір қызу дайындық үстінде.
Бишілерде жоспарға сай сабақ өтуде. Жуырда АҚШ-та өтетін әлемдік додаға аттанғалы отыр. Сайысқа бару, жүлде алу, ол жақсы. Олар үшін қазір ең үлкен қуаныш бұл емес, кез келген адамның осы орталықта жаттығуға мүмкіндік алуы.
Дастан Раушанбеков, қала тұрғыны:
- Бұл секция 4-ке бөлінеді. Бұл пауэрлифтинг болса, мынау қолға арналған. Өзінің ережелері бар. Түрлі әдісте көтеруге болады.
Жаңадан келген қай адам болмасын міндетті түрде нұсқаушымен бірге жұмыс жасайды. Бұл – орталықтың басты талабы.
Иван Пыхарев, жаттықтырушы:
- Келушілер алдымен медицина мамандарының қарауынан өтеді. Солардың ұсынысына сәйкес жаттығу түрін және қанша уақыт айналысу керектігін білеміз. Былайша айтқанда, қарапайым адаммен де кәсіби спортшылардай қарым-қатынас орнатылады.
Айтпақшы, мектеп шәкірттері де ерекше талантты. Осында барын пайдаға жаратады. Ал жоғын өздері жасауда. Мәселен, Ардақ Отарбаев мүгедек арба дөңгелегін жуатын құрылғы құрастырған. Оның көмегімен санаулы секундта қолмен 20 минут жуатын шаруаны тындыруға болады.
Ардақ Отарбаев, өнертапқыш:
- Негізі мұндай құрылғыны әлемнің басқа елдерінен көрмедім. Ғаламтордан да қарап, таппадым. Негізінен мен бірінші болып шығардым деп ойлаймын. Патентке құжаттарымды дайындап жатырмын.
Енді мектепке кімдер келе алатындығына тоқталсақ. Адамның жасы не қай мүгедектік топқа жататындығы маңызды емес. Қала тұрғыны екенін растаса, таңғы сағат 08:00 мен кешкі 22:00 аралығында келіп, осында тегін жаттыға алады. Ғимарат күнделікті 600 адамды қабылдауға лайықталған.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Абдулла Исаев