Ертіс өңірінің жас буын өкілдері Жастар жылына межелеген жоспарларымен бөлісті
Биыл белсенді қыз-жігіттердің мұрындық болуымен түрлі салада 500-ге жуық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Павлодарлық жастар ауқымды шарадан қандай әсер алды?
Самал Антикеева – жергілікті мемлекеттік университеттің жас оқытушысы. Ал жолдасы Дәурен – облыстық кардиохирургиялық орталықтың дәрігері. Жас отбасы Жастар жылы аясында ғылым жолына түкен қатарластарына қолдау мол болатынына сенімді. Өзі жолдасы Дәуренмен бірге бұл бағытта жоба әзірлеуді көздейді.
Самал Антикеева, С.Торайғыров атындағы ПМУ оқытушысы:
- Елдің болашағы білімде, әсіресе білімді жастарда. Біз, жас ғалымдар үшін. Мен әлеуметтік қызметкермін, Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етемін. Докторантурада оқып жүрмін. Жастар жылы – біз үшін үлкен қолдау. Біз елімізді өркендетуге атсалысамыз.
Түрлі салада еңбек ететін жастар үшін осындай шаралар облыстың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылды. Олардың қатарында өңірдегі ең жас шаруа Ардақ Қажат бар. 24 жастағы азамат Жастар жылы ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы жойылады деген сенімде.
Ардақ Қажат, жас фермер:
- Ауылға жастарды тарту керек. Мәселен, шаруашылығымда көбінесе аға буын өкілдері еңбек етеді. Бізге мал дәрігерлері, механизаторлар ауадай қажет. Жалақыны көтердік. Енді Жастар жылы шеңберінде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, кадр тапшылығы жойылса игі.
Белсенді азаматтар Елбасы жүктеген міндеттерді орындауға әзір екенін алға тартып, биыл 500-ге жуық жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Салтанат Тұрарова, облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының орынбасары:
- Бүгінгі форумда Жастар жылының нақты бағдарын айқындадық. Сондықтан жылдық жоспарымызға өзгеріс енгізіп, түрлі бағыттағы жобаларды қолға алмақпыз. Еріктілер қозғалысын дамыту, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жұмыссыздықпен күрес аясында тер төгіп, еңбек етеміз.
Павлодар облысы халқының 32%-ы – жас буын өкілдері. Бұл – 163 мыңнан астам адам деген сөз. Жалынды жастар 100-ден астам бірлестікті тізгіндеп, өзекті мәселелерді шешуге атсалысуда.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий