Ақтөбе облысында жылжымалы дәрігерлік бақылау кешеніне сұраныс жоғары
Өңірде республикалық бюджет есебіне алынған 3 кешен қызмет етеді. Олардың тиімділігін тәжірибенің өзі дәлелдеген. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы мұндай жүйемен барлық өңірді қамтамасыз ету керектігін тапсырған болатын. Яғни ақ халаттылардың көмегі әрдайым қолжетімді болуы тиіс.
Қобда ауданы, Талдысай ауылындағы дәрігерлік амбулатория күніне 25-26 емделушіні қабылдайды. Медицина мекемесінде тағы 3 елді мекен тұрғыны ем-дом алуға тіркелген. Небәрі үш медбике мен бір жалпы тәжірибелі дәрігер екі мың жарымға жуық адамның саулығына жауапты. Алайда заманауи технологиялар оларды қағазбастылықтан арылтып, тиісті құжаттарды электрондық түрде жүргізуге мүмкіндік берген.
Толқын Әбдіхалықова, дәрігерлік амбулаторияның жалпы тәжірибелі дәрігері:
- Күндізгі стационар бөлім бар. Онда айына 33 адам емделеді. Осындай ғимараттар бар. Жас мамандардың жұмыс жасауына барлық жағдай жасалып отыр.
Елбасы бірінші кезекте аудан орталықтары мен ауыл-аймақтардағы емханаларды тиісті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ақтөбеде бұл мәселе Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешімін тауып жүр. Соңғы үш жылда жоба бойынша 21 фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылған. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиесілі жылжыламы дәрігерлік бақылау кешені шалғайдағы шағын ауылдарды аралайды.
Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:
- Жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы өте тиімді. Өйткені ауылдық жердегі тұрғындар қалаға келіп тексерілу үшін қиындықтар туындатады. Статистикаға сүйінсек, тексерілген адамдардың 10-15 пайызында алғашқы рет белгілі бір патология анықталады. Дер кезінде емдері тағайындалды.
Ақтөбе облыстық жедел жәрдем қызметі елімізде бірінші болып сенімгерлік басқаруға берілген. Шетелдік инвестордың қаржысына су жаңа ғимарат салып, заманауи автокөліктер сатып алуға жағдай туды. Бұл жобаға 3,5 млрд теңге қаражат жұмсалды. Ал облыс көлеміндегі өзге де жедел жәрдем бекеттерінің материалдық-техникалық базасы алдағы үш жыл ішінде жаңаруы тиіс. Себебі Елбасы тапсырмасы бойынша бюджеттен қосымша 27 млрд теңге бөлінбек.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков