«7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна төмендетіледі
Кей санаттағы тұрғындар үшін алғашқы жарнаның 10 пайызын жергілікті бюджеттен субсидиялау жоспарлануда. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақ басшыларына ел азаматтарын баспанамен қамтамасыз ету ісін ширатуды тапсырған болатын.
Ақтау қаласының тұрғыны Дәурен Мақсұтов пәтер жалдау машақатынан біржола құтылды. Ол «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа үйден бір бөлмелі пәтер сатып алды.
Дәурен Мақсұтов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Бұл пәтер 5 млн 520 мың теңгеге шықты. Енді 7 жыл ай сайын 56 мың теңгеден төлеп отырамын. Баспаналы болудың ең тиімді жолы осы бағдарлама екен.
Бүгінде аймақ «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруда елімізде Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Бағдарлама қабылдан 6 айдың ішінде 262 отбасы қоныс тойын тойлаған. Алдағы уақытта тұрғын үй бағдарламасының қолжетімділігі арта түспек. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бастапқы жарнаны төмендетудің тетігі қарастырылып, арнайы бағдарлама әзірленуде. Өңір басшылары белгілі бір оператор арқылы алғашқы жарнаның 10 пайызын жергілікті бюджеттен субсидиялауды жоспарлап отыр. Ол үй алушыларға әлеуметтік көмек және бюджеттік несие түрінде беріледі.
Имаммахмұт Шағырбаев, облыстық сәулет және құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Алғашқы жарнаны жеңілдетілген түрде берілетін тұрғындардың санаттарын мәслихаттың шешімімен бекітеміз. Ол бірінші кезекте біздің жоспарымыз бойынша бюджеттік мекемелердің қызметкерлері болып табылады. Яғни мұғалімдер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және құқық қорғау саласының қызметкерлері болып табылады. Барлық шаруалар ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.
Биыл Маңғыстау облысында 6 мың пәтер тапсырылады. Оның басым бөлігі «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алғысы келетін тұрғындарға беріледі. Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерге 3,5 млрд теңгенің 443 өтінімі келіп түскен.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Ақтауда тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатыр. 32 жер учаскесінде мынандай көпқабатты үйлер салынуда. Жыл соңына дейін 450 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Алғашқы үйлер алдағы жазда беріле бастайды.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев