Салыққа берешегі бар 26 мың кәсіпкер рақымшылыққа ілікті
Ісін қайта жандандырсын деп оларға 1 қаңтардан бастап рақымшылық берілді. Бір айдың ішінде осы мүмкіндікті 26 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі пайдаланған екен. Олар төлеген негізгі қарыз 5,5 млрд теңгеден асады.
Марат Үйсембаев осыдан біраз уақыт бұрын заңдық кеңес беру компаниясын ашады. Кәсібінен қомақты пайда да тапқан. Оның келесі қадамы қаржысын тағы да еселей түсу еді. Тәуекел деп жиған-тергенін өзі үшін жаңа бағыт – ауыл шаруашылығы саласына салады. Ал одан бірден қайтарым болмайды.
Марат Үйсембаев, кәсіпкер:
- Сол кезде уақытша қиындықтар болып, 700 мың теңгеге жуық салығым төленбей қалды. Ол қаражат кейін айыппұлымен бір миллионға жетті. Амнистия жарияланғанын естіп қуандым. Негізгі 700 мың салығымды төлеп едім, қалған 300 мың айыппұлға кешірім берді. Бұл қаржы бірнеше айлық жалақы немесе кеңсені жалдау шығынын өтеуіме жетеді. Ол – мен сияқты кәсіпкер үшін үлкен қолдау.
Елімізде кейіпкеріміз сияқты кешірімге ілігетін 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Олардың айыппұл мен өсімін қосқандағы салық берешегі 340 млрд теңгеден асады. Рақымшылық аясында оның 210 млрд-ы төленсе жеткілікті. Қалған 130 млрд теңге рақымшылыққа жатады.
Олжас Отар, Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
- Бүгінгі таңға 26 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері 5,5 млрд негізгі берешектерін төлеп қойды. Олардың 1 млрд-тан астам өсімпұлдары, 37 млн айыппұлға рақымшылық жасалды.
Айбол Аманов, Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
- Негізгі пайдасына келер болсақ, салық төлеушілердің есепшоттарындағы шектеулер жойылады. Кассадан шектеу шешіледі және де мүлкіне қойылған шектеулерден босатылады.
Рақымшылыққа ілігу үшін қарызды бөліп төлеуге де рұқсат. Ең бастысы 31 желтоқсаннан кешіктірмеу керек. Мемлекет бизнес үшін мұндай мүмкіндікті бұған дейін екі рет жасаған. Оған іліккендердің 67 пайызы бүгінде қаржылық есебін уақытылы тапсыратын болған. Осылайша орынды шешім қос тарапқа да өз пайдасын тигізуде.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Самат Курбиев